KazNARU БҰҰ-НЫҢ ТҰРАҚТЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН МЕХАНИКАЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУДА
2026 жылғы 25 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының өңірлік мекемесі — Тұрақты ауыл шаруашылығын механикаландыру орталығының (CSAM) делегациясын қабылдады.
Ресми кездесуге KazNARU халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Абазов Рафис Фанисович, «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Әлдібаева Ләззат Тұрғынбайқызы және бейінді кафедралардың басшылары қатысты.
Бұл кездесу Орталық Азия өңірінде тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту, аграрлық секторды механикаландыру және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы маңызды қадам болды.
Сапар аясында делегация мүшелері университет кампусымен танысып, «Инженерлік технологиялар» факультетінің ғылыми-білім беру және инновациялық әлеуетімен танысты.
Кездесу барысында тараптар тұрақты механикаландыру және аграрлық секторды цифрландыру мәселелері бойынша өңірлік орталық құру мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу, техникалық білім алмасу, жер ресурстарын тиімді басқару және ауыл шаруашылығы саласында заманауи инженерлік тәсілдерді қолдану мәселелері қарастырылды.
Университет өкілдері CSAM-мен ынтымақтастық KazNARU-дың ғылыми әзірлемелерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын дамытуға, тәжірибе алмасуға және аграрлық саланы технологиялық жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді серіктестікті нығайтуға ниет білдірді.
Бұл бастама KazNARU-дың халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, Орталық Азиядағы тұрақты ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады.