KazNARU ГАНЬСУ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНИКА ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

KazNARU ГАНЬСУ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНИКА ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қытай Халық Республикасының Ганьсу провинциясы Ғылым және техника қауымдастығы делегациясымен ресми кездесу өтті.

Кездесуді KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы ашып, қытайлық делегацияны қарсы алды. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру, технологиялық және инновациялық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталып, KazNARU-дың аграрлық ғылым мен білім беру саласындағы жетекші зерттеу университеті ретіндегі рөлін атап өтті.

Қытай делегациясы құрамында Гонконг жаңа өндірістік күштер институтының төрағасы, делегация басшысы Гао Хунъу, Ганьсу провинциясы Ғылым және техника қауымдастығының ұйымдастыру және кадр жұмысы департаментінің директоры Чжан Синьинь, Динси ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Картоп шаруашылығы институтының директоры Хань Цзинжэнь, «Ланьчжоу Синьжун экологиялық және энергетикалық инженерлік технологиялар компаниясы» ЖШҚ басқарма төрағасы Го Вэй және аталған компанияның жалпы істер басқармасының директоры Чжан Цзянь болды.

Университет тарапынан кездесуге Ғылым департаментінің директоры Султанов Ахметжан Акиевич, Халықаралық кеңсе жетекшісі Абдраманов Абзал Асқарбекұлы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, университеттің ғылыми құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері және білім алушылар қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастықты дамыту, жасанды интеллект, аграрлық технологиялар және ақылды ауыл шаруашылығы бағытында бірлескен зертханалар құру, ғылыми-техникалық алмасу алаңдарын ұйымдастыру, мамандар алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау болды.

Қонақтарды Өсімдіктер биотехнологиясы орталығының жетекшісі Қасен Қуаныш Жомартұлы өсімдіктердің биоалуантүрлілігін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру, in vitro жағдайында өсімдік коллекцияларын құру, сауықтыру және көбейту бағытындағы зертханалардың қызметімен таныстырды.

Ганьсу провинциясының ғылымы мен технологиялық жетістіктері таныстырылып, қытайлық мамандар ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялар, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және «ақылды» аграрлық шешімдер бойынша жобаларын ұсынды. Техникалық таныстырылымдар барысында вируссыз тұқымдық картоп өндіру технологиясы, картоп ауруларының алдын алу, сапалы тұқым материалын дайындау және өнімділікті арттыру мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ қытайлық компания өкілдері жасанды интеллект пен деректер активтеріне негізделген органикалық қалдықтарды өңдеу, биогаз өндіру, топырақ құнарлылығын жақсарту және агросервистік қызмет көрсету жүйелерін таныстырды.

Кездесу қорытындысында KazNARU мен Ганьсу провинциясының Ғылым және техника қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, ғылыми-зерттеу, білім беру, кадр даярлау, жасанды интеллект, аграрлық технологиялар және технология трансфері салаларындағы серіктестікті дамытуға келісті. 2027 жылы Ганьсу провинциясында өтетін халықаралық аграрлық көрмеге қатысу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник