KazNARU-да ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ ТІЛ КУРСЫН АЯҚТАҒАНЫ ТУРАЛЫ СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ
2026 жылғы 16 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Халықаралық кеңсенің ұйымдастыруымен дайындық тіл курсында білім алған шетелдік студенттерге сертификаттар табыстау рәсімі өтті.
Ауғанстан, Иран, Түркия, Бангладеш, Корея, Қытай және Түрікменстаннан келген студенттер қазақ және орыс тілдерін шетел тілі ретінде оқытуға арналған дайындық курстарын сәтті аяқтап, сертификаттарға ие болды.
Іс-шараға халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Абазов Рафис Фанисұлы, Халықаралық кеңсенің бас менеджері Қауметова Бақтыгүл және Халықаралық кеңсе менеджері Саламатзада Лайла қатысып, студенттерді жетістіктерімен құттықтады. Олар білім алушылардың табандылығы мен білімге деген құштарлығын ерекше атап өтті.
Студенттер Алматы қаласындағы оқу мен өмірден алған әсерлерімен бөлісіп, оқытушылар мен университет ұжымына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар қазақ тілі пәнінің оқытушысы Досмайлова Гауһар Қуанышқызына және орыс тілі пәнінің оқытушысы Раимбекова Алия Ануархановнаға қолдауы мен сапалы білімі үшін ерекше ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу соңында студенттерге алдағы оқу жолында толағай табыс, жаңа жетістіктер және сәттілік тілектері айтылды.