KazNARU-да «ДАЛА АКАДЕМИГІ» ЖАЗЫЛБЕК ҚУАНЫШБАЕВТЫҢ 130 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

KazNARU-да «ДАЛА АКАДЕМИГІ» ЖАЗЫЛБЕК ҚУАНЫШБАЕВТЫҢ 130 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

2026 жылдың 22 мамырында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Дала академигі», даңқты шопан, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: дәстүрі, дамуы және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті.
Ауқымды тәжірибелік конференцияға К.А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының «Дербес зоотехния» кафедрасының меңгерушісі, а.ш.ғ.д., Ресей ғылым академиясының академигі, профессор Юлдашбаев Юсупжан Артыкович, Өзбекстандық ғалым, философия докторы Маматов Бахтиёр Салимович, Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарының әкімдіктері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мойынқұм ауданынан арнайы келген Жазылбек атамыздың жерлестері, KazNARU Басқарма мүшелері, проректорлар, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы мен университет білім алушылары қатысты.
Конференцияның мақсаты – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмірі мен еңбек жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, еліміздегі қой шаруашылығын дамытудың заманауи жаңа бағыттарын жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылау.
Конференцияны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев ашты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз екендігін атап өткен болатын. Аграрлық сала – ел экономикасының тірегі ғана емес, халықтың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыт. Сондықтан бұл саланың дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының қажырлы еңбегін насихаттау, олардың мол тәжірибесін кейінгі буынға үлгі ету – уақыт талабы. Жазылбек Қуанышбаев атамыз сияқты даңқты еңбек ерлерінің кәсіби шеберлігін дәріптеу арқылы жастарды ауыл шаруашылығына тартуға, еңбекке құрмет сезімін қалыптастыруға және осы саланың беделін арттыруға ықпал етеді.
Жазылбек атамыздың тағылымға толы ғұмыры мен еселі еңбегі - бүгінгі жастар үшін адал еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі. Оның мал шаруашылығын дамыту жолындағы қажырлы еңбегі, кәсіпке деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі қазіргі буынға үлкен өнеге береді. Осындай еңбек адамдарының өмір жолын насихаттау арқылы жастардың атакәсіпке, ғылымға қызығушылығын арттырып, қой шаруашылығы саласына жаңа серпін беру - біздің міндетіміз! Дәлірек айтқанда, қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын құрмай, елімізде қой шаруашылығын дамыту мүмкін емес.
Елдің болашағы - еңбексүйгіш, туған жерге жанашыр жас ұрпақтың қолында. Сондықтан Жазылбек Қуанышбаев мұрасы - тек өткеннің тарихы ғана емес, ауыл шаруашылығын дамытуға бағыт беретін, жастарға рух пен жігер сыйлайтын бірегей өнеге мектебі!» - деді А.Қ. Күрішбаев.
Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, әрі режиссер Тұрлыбек Доқдырхан Жазылбек Қуанышбаев туралы түсірілген «Қазақтың қара шалы» атты деректі фильмін көпшілік назарына ұсынды.
Конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасады. Атап айтқанда, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма Төрағасы, а.ш.ғ.д., профессор Төреханов Айбын Әдепханұлы, а.ш.ғ.д., профессор Омбаев Әбдірахман Молданазарұлы, Ресей ғылым академиясының академигі, профессор Юлдашбаев Юсупжан Артыкович, Өзбекстандық ғалым, философия докторы Маматов Бахтиёр Салимович, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, а.ш.ғ.д. Тынышбай Досымбекұлы Досымбеков «Жазылбек Қуанышбаевтың отандық қаракөл қой шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі» туралы кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Басқарма төрағасы Бауыржан Қоңырбайұлы Асановтың құттықтауы келіп түсті. Сонымен қатар, конференция қатысушыларына Жамбыл облысы әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлының құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы, Алматы облысы әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлының құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр, Жетісу облысы әкімі Исабаев Бейбіт Өксікбайұлының құттықтауын облыстың ауыл шаруашылығы Басқармасы басшысының орынбасары Шампиков Бахтияр Қалдыбатырович құттықтау хаттарын жеткізді. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев арнайы келіп, құттықтады.
Тағылымы мол бас қосу барысында Жазылбек Қуанышбаевтың қазақ мал шаруашылығын дамытудағы тарихи рөлі жан-жақты дәріптеліп, қой шаруашылығы саласын ғылыми негізде дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Конференция қорытындысында сала мамандары тәжірибе алмасып, болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқындады.
KazNARU Баспасөз қызметі
---------Chatbot---------
виртуальный помощник