Кәсіби бағдар беру жұмысы – ҚазҰАЗУ-дың заманауи маңызды құрамдас бөлігі

Кәсіби бағдар беру жұмысы – ҚазҰАЗУ-дың заманауи маңызды құрамдас бөлігі

Алматы қаласы, Алатау ауданының №184 жалпы орта мектебінде кәсіби бағдар беру жұмысы аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өкілдерінің мектеп түлектерімен кездесуі ұйымдастырылды. Кәсіби бағдар беру – жоғары оқу орны қызметінің маңызды әрі заманауи бағыттарының бірі болып табылады. Осыған сәйкес университет ұжымы мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

2026 жылғы 21 мамыр күні аталған мектепте университеттің «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді. Іс-шараға профессорлар Ш.Р. Адылканова, Б.Ә. Бұралхиев, аға оқытушылар: Ф.Ғ. Сағымбек, Б.Қ. Сансызбаева және А.Д. Орақбаева қатысты.

Кездесу барысында оқушыларға университетте даярланатын мамандықтар, еңбек нарығында сұранысқа ие білім беру бағдарламалары, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар университеттің өндірістік және ғылыми серіктестері — ҚазМШжЖӨҒЗИ, «Байсеке-Агро» АҚ агрохолдингі, «Жеңіс» және «Алматы» асыл тұқымды зауыттарымен ынтымақтастық байланыстары таныстырылды.

Білім алушыларды әлеуметтік қолдау шаралары, атап айтқанда шәкіртақымен қамтамасыз ету, тегін жол жүру және тамақтану мүмкіндіктері туралы мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ университеттегі әскери кафедраның қызметі, екінші диплом алу мүмкіндігі, әскери атаққа ие болу жолдары мен екі дипломды білім беру бағдарламалары жөнінде түсіндірілді.

Іс-шара барысында мультимедиялық құралдар қолданылып, университеттің материалдық-техникалық базасы, ғылыми-зерттеу әлеуеті мен халықаралық байланыстары көрнекі түрде таныстырылды. Университет мамандары оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, болашақ мамандық таңдаудағы негізгі бағыттар мен заманауи аграрлық ғылымның даму үрдістері туралы мазмұнды пікір алмасты.

Кездесу соңында мектеп әкімшілігі университет ұжымына кәсіби бағдар беру бағытындағы нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың жастардың кәсіби қалыптасуына ерекше ықпал ететінін атап өтті.

Кәсіби бағдар беру жұмысының негізгі мақсаты – болашақ мамандығы мен жоғары оқу орнын саналы түрде таңдай алатын, білім мен ғылымға қызығушылығы жоғары, бәсекеге қабілетті талапкерлер қатарын қалыптастыру.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник