KazNARU БАСШЫСЫ АРДАГЕР ҒАЛЫМДЫ ТУҒАН КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
2026 жылғы 13 мамырда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ұжымы экономика ғылымдарының докторы, профессор Керімова Үкіләй Керімқызы туған күнімен құттықтады.

KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы ардагер ғалымды туған күнімен құттықтап, оның университеттің ғылыми және академиялық дамуына, аграрлық экономика, менеджмент және агробизнес саласындағы ғылыми мектептің қалыптасуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Үкіләй Керімқызы – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Найля Базанова атындағы ғалым-әйелдерге арналған Ұлттық ғылым академиясының марапатының иегері. Ұзақ жылдар бойы KazNARU-дың ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға, жас ғалымдар мен докторанттарды даярлауға, аграрлық ғылымды дамытуға белсенді үлес қосып келеді.
Профессордың ғылыми-педагогикалық қызметі жоғары бағаланып, әр жылдары «ҚР білімінің үздігі», «ҚР білімінің құрметті жұмыскері», «Лучший преподаватель вуза» гранты сияқты мәртебелі марапаттарға ие болды. Оның 160-тан астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрген, соның ішінде монографиялар, оқу құралдары мен өндірістік ұсынымдары бар.
Университет ұжымы Үкіләй Керімқызына ғылым мен білім жолындағы еселі еңбегі үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық, отбасы амандығы және жаңа ғылыми жетістіктер тіледі.
Ғылым мен білім жолындағы еңбегіңіз әрдайым жемісті болсын!
KazNARU баспасөз қызметі