KazNARU РЕКТОРЫ 104 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

KazNARU РЕКТОРЫ 104 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітов Зұлқарнай Сейітұлының шаңырағына арнайы барып, құттықтап, ғалым ақсақалға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойлық 01 нөмірлі алғашқы төсбелгісін кеудесіне құрметпен тақты.

«Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары майдан даласында жанқиярлық батырлық пен қаһармандық танытқан ардагерлердің өшпес ерлігін дәріптеу, оларға бас иіп, құрмет көрсету – біздің басты борышымыз. Жеңістің қуанышты күндерін жақындатқан ардагер тұлғаларымыздан бүгінгі жастар үлгі алып, батырларға қарап бой түзейді. Соның ішінде Отан соғысының ардагері, белгілі ғалым, биология ғылымының докторы, профессор 104 жастағы Сеиітов Зұлхарнай Сейітұлының орны бәріміз үшін бөлек», - дейді Ақылбек Күрішбаев.

Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Зұлқарнай Сейітов 1942 жылы соғысқа аттанып, Сталинград шайқасында, Белорусия мен Польшаны азат етуде, Берлинді алуда ерлік көрсетіп, жеңістен кейін Потсдам қаласын минадан тазарту жұмыстарына қатысты. Аталған ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Көз жанары жақсы көрмей, құлағы ауырлай түссе де, санасы – тың, ойы – сергек майдангер атамыз өзін арнайы құттықтап келіп, ізгі тілегін білдірген, шапан жауып, сый-сыяпатын табыстаған әріптес інісі, академик Ақылбек Күрішбаевпен ашық-жарқын әңгімелесіп, өмір жолындағы естеліктерімен бөлісті.

«Мен бастан өткерген сұрапыл соғысты енді ешбір жан көрмесін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Жастарымыз жарқын болашақта бақытты ғұмыр кешсін. Бейбіт өмірдің қадірі арта берсін. Отан ғылымының дамуына үлес қосып жүрген өзіңе зор табыс тілеймін, қарағым. Ғылым мен білім жолындағы еңбегің нәтижелі болып, халқыңа сіңіріп жүрген қызметің абырой әкелсін», – деп ақ батасын берді.

Ардагер ғалым Зұлқарнай Сейітұлы биохимия саласында терең зерттеулер жүргізіп, биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленген, халықаралық ғылыми қауымдастыққа белгілі тұлға. 40 жылға жуық Алматы зооветеринарлық институтында (қазіргі - Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде) ұстаздық қызмет істеді, оның ішінде 30 жылдан астам органикалық және биологиялық химия кафедрасын басқарды. 150-ден астам ғылыми еңбек пен монографияның, 20-дан астам патент пен авторлық куәліктің авторы. Осындай ғылыми жаңалықтары үшін Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген ғылым қайраткері атағына ие болды, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды.

«Ұрпағы мен елінің тыныштығын тілеп отырған қазыналы қария, соғыс ардагері, батыр атамыз Зұлқарнай Сейітұлының өмір жасы ұзақ, денсаулығы мықты болсын деп тілейміз», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник