KazNARU-да ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ РУХЫН САБАҚТАСТЫРҒАН ҚОС МЕРЕКЕ АТАП ӨТІЛДІ

KazNARU-да ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ РУХЫН САБАҚТАСТЫРҒАН ҚОС МЕРЕКЕ АТАП ӨТІЛДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ерлік пен елдіктің, аға ұрпақ пен жас буын сабақтастығының жарқын көрінісіне айналған қос мереке – 7 мамыр Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынды ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы ардагерлерді, профессор-оқытушылар құрамын, университет ұжымын, Әскери кафедраның офицерлері мен студенттерін қос мерекемен құттықтап, еліміздің шекарасы мен тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздарға ізгі тілегін жеткізді.
«7 мамыр – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсететін ерекше күн. Бұл мереке – Отанға адал қызмет етудің, батылдық пен ерліктің символы. Ал 9 мамыр – тарихымыздағы ең қастерлі күндердің бірі. Бұл – бейбіт өмір үшін жанын қиған батырларымызды еске алып, ардагерлерімізге тағзым ететін ұлы мереке. Сіздердің ерліктеріңіз – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге», – деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.
Ел басына сын туған жылдары біздің оқу ордамыздың 30-дан астам түлегі Кеңес Одағының Батыры және Еңбек Ері атағына ие болды. Олардың қатарында Кеңес Одағының батырлары Ерденбек Ниетқалиев пен әйгілі 28 гвардияшы-панфиловшылардың бірі Әлікбай Қосаев бар. Сонымен қатар университет тарихында орден-медальдармен марапатталған жүздеген тыл еңбеккерлерінің есімі ерекше құрметпен аталады.
«Біз университетіміздің қадірменді профессоры, Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, 104 жастағы Сейітов Зұлхарнай Сейітұлының және еңбек майданы ардагерлерінің ортамызда жүргенін мақтаныш тұтамыз. Зұлхарнай ағамыз бен тыл еңбеккерлері бүгінгі күнге дейін студент жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысып келеді», – деді университет басшысы.
Әскері мықты мемлекет – айбынды мемлекет. Ғасырға жуық бай тарихы бар KazNARU Жаңа Қазақстанның болашақ кадрларына сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, Отан қорғаушыларды даярлау ісіне де зор үлес қосып келеді. Университеттің Әскери кафедрасы осы уақытқа дейін 60 мыңнан астам запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлап шығарды.
«Халқымызда “Ер – елінің қорғаны” деген аталы сөз бар. Ұлы Жеңіс күні ортамызда аман-есен жүрген барлық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне тағы да басымызды иіп, шексіз құрметімізді білдіреміз. Біз ұлтымыздың қаһарман ұл-қыздарының арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қарыздармыз», – деп сөзін қорытындылады Ақылбек Қажығұлұлы.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор А. Мұстабеков Ұлы Жеңіс күніне орай KazNARU Әскери кафедрасының ұжымын Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар KazNARU ректоры А.Қ. Күрішбаевтың атынан запастағы подполковник Гавриленко Алексей Борисович, запастағы полковник Латыпаев Руслан Ахметович және запастағы полковник Ибрагимов Ильдар Хамисович Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне орай арнайы грамоталармен марапатталды.
Салтанатты жиын барысында ардагерлер мен қонақтар университеттің Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы құрбандарының рухына тағзым етті. Іс-шара Әскери кафедра жеке құрамының салтанатты шеруімен жалғасты.
Мерекелік кеш аясында университеттің талантты студенттері патриоттық әндер орындап, әсерлі би қойылымдарын сахналады. Көрермендерге ерекше рух пен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарлама ардагерлер мен қонақтардың зор ықыласына бөленді.
KazNARU Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник