KazNARU СТУДЕНТІ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Инженерлік технологиялар» факультетінің 2-курс студенті Қабдракимов Жансанат Қуандықұлы жауынгерлік самбодан жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 79 кг салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды.
Аталған жарыс еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік жас спортшылардың басын қосып, жоғары бәсеке мен тартысқа толы деңгейде өтті. Осындай дүбірлі додада Жансанаттың топ жаруы оның спортқа деген табандылығы мен қажырлы еңбегінің, сондай-ақ кәсіби дайындығының айқын дәлелі.
Еске сала кетейік, Жансанат бұған дейін де бірқатар маңызды жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда, 2026 жылдың 25 қаңтарында өткен Алматы қаласының жауынгерлік және спорттық самбо чемпионатында 79 кг салмақ дәрежесінде жүлделі орынға ие болып, университет намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар, Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатында да үздік үштіктен көрініп, қола жүлдегер атанған болатын. Бұл көрсеткіштер жас спортшының шеберлігі тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Жансанаттың бүгінгі жеңісі тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар университетіміздегі спорт саласының дамуы мен сапалы дайындық жүйесінің нәтижесі. Оның жеңіс жолы – жастарға үлгі, алдағы үлкен белестерге бастар сенімді қадам.
Дарынды спортшымызды осы жоғары жетістігімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да тек жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектестік білдіреміз! Жансанат, біз сені мақтан тұтамыз!KazNARU Баспасөз қызметі



