АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН «KAZNARU OPEN DAY 2026»
KazNARU – еліміздің жоғары білім беру жүйесінде лайықты орын алатын жетекші оқу орындарының бірі. Құрылғанына 95 жыл толған уақыт ішінде KazNARU агроөнеркәсіп кешені, ақпараттық технологиялар, биотехнологиялар, су және табиғи ресурстар, тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі, логистика, құқық, бизнес және менеджмент салаларында жоғары білікті мамандар даярлап келеді.
Осыған орай, университеттің инфрақұрылымымен таныстыру және ғылыми-білім беру қызметі туралы толық ақпарат беру мақсатында KazNARU-дың Тағам өнімдерінің технологиялары және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығы Алматы технологиялық колледжін «Тағам өнімдерін өндіру технологиясы», «Ет және ет өнімдері өндірісі», «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өнімдер өндірісі» мамандықтары бойынша бітіруші түлектерге Ашық есік күнін ұйымдастырып, өткізді.
Алматы технологиялық колледжінен түлектерді өндірістік оқыту шеберлері Садырқұлова Умида Темірқұлқызы, Әбдімәулен Жібек Әбсаттарқызы, Аманбай Ардақ Ғалымжанқызы бастап келді.
«KazNARU OPEN DAY 2026» іс-шарасы аясында колледж түлектеріне университеттің материалды-техникалық базасы, жоғары білім беру бағдарламалары, қабылдау ережелері, оқу ерекшеліктері, тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат берілді. Сонымен қатар, Тағам өнімдерінің технологиялары және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығының және Қазақстан-Жапон инновациялық орталығының зертханаларына экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар мұражайда KazNARU-дың даму тарихымен танысты.
Іс-шара қатысушыларына ғылыми кітапханаға барып, электрондық және ғылыми оқу залдарымен, оқу әдебиеттері мен мерзімді басылымдар залдарымен, сирек кездесетін кітаптар көрмесімен, заманауи стадионмен және оқу ғимараттарымен танысуға бірегей мүмкіндік берілді.
Бүгін колледж түлектері оқуға қабылдану туралы пайдалы да өзекті және маңызды ақпарат алып ғана қоймай, KazNARU-дың жылы атмосферасын да сезінді.
Алматы технологиялық колледжінің түлектеріне кәсіби өсу, ұшқыр идеялар, биік мақсаттарының жүзеге асырылуын тілейміз және табысқа жету жолын KazNARU-мен бірге жалғастыруға шақырамыз!
















