KazNARU-да «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ ӨТТІ

KazNARU-да «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ ӨТТІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік» күні өтті.

Университетке Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Саймасай ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 10–11-сыныптарында білім алатын 18 оқушы келді.

Кездесудің мақсаты – оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беру, KazNARU-дың білім беру бағдарламаларымен, факультеттерімен, ғылыми инфрақұрылымымен және студенттік өмірімен таныстыру.

Экскурсия барысында оқушылар «Өсімдіктер биотехнологиясы орталығын», университет мұражайын, «Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы» ғылыми-білім беру инновациялық орталығын, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығын, Халықаралық вакцинология орталығын және «Су хабы» халықаралық зерттеу орталығын аралады.

Оқушылар заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтардың жұмысымен танысып, университеттегі оқу үдерісі, білім беру бағыттары және аграрлық саладағы перспективалы мамандықтар туралы ақпарат алды. Сонымен қатар факультет оқытушыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдауға қатысты кеңестер алды.

Кездесу оқушылардың аграрлық мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып, болашақ кәсібін таңдауға мүмкіндік берді.

11-сынып оқушысы Асқар Асаубек болашақта агроинженер мамандығын таңдауды жоспарлап отырғанын айтты.

«Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мен жерді тиімді игеріп, оның мүмкіндіктерін толық пайдаланғым келеді. Ауыл шаруашылығы саласында табыс көзін қалыптастыруға болатынын өз ісім арқылы дәлелдегім келеді. Сол себепті агроинженер мамандығын таңдап, осы бағытта терең білім алып, болашақта білікті маман атануды мақсат етемін», – деді ол.

Оқушылармен бірге келген химия-биология пәнінің мұғалімі Толық Бақтыбаева, география-биология пәнінің мұғалімі Айнұр Мамырбаева және биология пәнінің мұғалімі Ұлпан Алтынбек те университетпен танысудан алған әсерлерімен бөлісті.

«Кездесуден өте жақсы әсер алдық. Әсіресе, су ресурстарын басқару бағыты қызығушылық тудырды. Мектеп бітіруші түлектерге Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің мүмкіндіктерімен танысып, мамандық таңдауда осы бағыттарға назар аударуға кеңес беремін. Аграрлық саланың болашағы зор», – деді Ұлпан Алтынбек.

Шара соңында оқушыларға университеттің білім беру бағдарламалары туралы ақпараттық материалдар таратылып, естелік суретке түсті.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі білікті маман!

---------Chatbot---------
виртуальный помощник