ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

«МЕНТАЛДЫ ДЕНСАУЛЫҚ – 2026» АПТАЛЫҒЫ: ІШКІ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Университет қабырғасында өткен «Менталды денсаулық – 2026» апталығы – жай ғана іс-шаралар жиынтығы емес, студенттердің жан дүниесіне бағытталған маңызды қадам болды. Бұл апта білім алушылардың психологиялық саулығын нығайтуға, эмоционалдық тұрақтылығын арттыруға және қолдаушы орта қалыптастыруға арналды.
Қазіргі студенттік өмір – үлкен жауапкершілік пен қарқынды даму кезеңі. Академиялық жүктеме, жаңа ортаға бейімделу, ақпараттық қысым және болашаққа қатысты алаңдаушылық жастардың ішкі ресурсына салмақ түсіреді. Осындай жағдайда менталды денсаулықты сақтау – табысты кәсіби және тұлғалық қалыптасудың негізі.
Апталық аясында университеттің психологиялық қолдау қызметі  факультеттерде апталық жоспарынак сай мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырды.
Су ресурстары және ІТ технологиясы факультетінде өткен «Emotional regulation» тренингі студенттерге эмоцияны тану мен басқарудың практикалық тәсілдерін ұсынды. Қатысушылар стресс жағдайында өзін-өзі тұрақтандыру, саналы жауап беру және ішкі тепе-теңдікті сақтау жолдарын меңгерді. Бұл болашақ мамандардың эмоционалдық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етті.
Бизнес және құқық жоғары мектебінде ұйымдастырылған «Mental resilience» семинары психологиялық төзімділіктің маңызын айқындады. Болашақ заңгерлер мен менеджерлер үшін қысым жағдайында дұрыс шешім қабылдау – кәсіби біліктіліктің ажырамас бөлігі. Семинар барысында студенттер өз ішкі ресурстарын анықтап, қиындықты даму мүмкіндігі ретінде қабылдаудың маңызын түсінді.
Агробиология факультетінің «Goal Setting Lab» тренингінде жастар өз мақсаттарын нақтылап, болашаққа жүйелі жоспар құруды үйренді. SMART әдісі арқылы құрылған жеке даму жоспарлары студенттердің мотивациясын арттырып, кәсіби бағдарын айқындауға көмектесті.
Ветеринария және зооинженерия факультетінде өткен «Self-management» семинары уақытты тиімді пайдалану, шаршаудың алдын алу және жауапкершілікті арттыру тақырыбын қамтыды. Бұл студенттердің өзін-өзі басқару дағдысын күшейтіп, академиялық тиімділігін арттыруға бағытталды.
Инженерлік технологиялар факультетіндегі «Personal boundaries – Жеке шекараны сақтау» семинары ерекше мәнге ие болды. Қарым-қатынаста өз позициясын қорғау, «жоқ» деп айту мәдениетін қалыптастыру және психологиялық қауіпсіздік орнату мәселелері талқыланды. Студенттер өз шекараларын анықтап, дұрыс қарым-қатынас құрудың маңызын терең түсінді.
Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультетінде өткен «Life balance» кездесуі оқу мен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға арналды. Студенттер өмірлік құндылықтарын саралап, эмоционалдық шаршаудың алдын алу жолдарын қарастырды.
Апталықтың маңызды бөлігі – «Психологсыз психология: интернет бізге көмектесе ме?» тақырыбындағы ашық лекция болды. «Жастар денсаулығы орталығының» клиникалық психологтары Керимова К.А. және Сайпова А.Ф. цифрлық кеңістіктегі психологиялық ақпараттың мүмкіндіктері мен қауіптері туралы кәсіби пікір білдіріп, сапалы психологиялық көмектің маңызын атап өтті.
Факультетаралық «Focus Group» квест-викторинасы студенттердің белсенділігін арттырып, командалық рухты нығайтты. Сенім, коммуникация және жылдам шешім қабылдау дағдылары интерактивті тапсырмалар арқылы дамытылды.
Студенттік жатақханаларда ұйымдастырылған кино көрсетілімдер мен талқылаулар жастардың эмпатиясын, сыни ойлауын дамытып, бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік берді. «Progress» студенттік клубымен өткен мәдени-танымдық кеш те әлеуметтік байланыстарды күшейтіп, жағымды эмоциялық орта қалыптастырды.
Апталықтың жабылу салтанатында университеттің тәрбие жөніндегі проректоры Ералиева Асима Шанбаевна сөз сөйлеп, студенттердің психологиялық саулығы – заманауи білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ұйымдастырылған іс-шаралардың тәрбиелік және практикалық маңызы жоғары бағаланды.
«Менталды денсаулық – 2026» апталығы университет өміріндегі маңызды кезеңдердің біріне айналды. Бұл бастама студенттерге өз ішкі әлеміне үңілуге, ресурстарын тануға және қиындықтарға саналы көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Ең бастысы – менталды денсаулық мәдениетін қалыптастыру жолында берік қадам жасалды.
 
Толығырақ ақпарат:
+7 (777) 684-43-23
+7 (747) 314-96-04
 
Inst: psychology_kaznaru
---------Chatbot---------
виртуальный помощник