Денсаулықты қорғау — салауатты өмір салтын ұстану
12 ақпанда 2026 жылы «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының профессор оқытушы құрамы Кулатаев Б.Т., Валиева Г.А., Сағымбек Ф.Ғ., Сансызбаева Б.Қ., Орақбаева А.Д.мен мал шаруашылығы және биотехнология білім беру бағдарламаларының 1 курс студенттері және Алматы қаласы ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының қызметкерлерімен бірлесе АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық семинар өткізілді
Семинардың негізгі мақсаты – жастар арасында АИТВ-инфекциясы туралы білім деңгейін арттыру, оның жұғу жолдары мен алдын алу шаралары жөнінде дұрыс әрі нақты ақпарат беру, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету.
Іс-шара барысында Денсаулықты қорғау —салауатты өмір салтын ұстану тақырыбы кеңінен қамтылды. Бұл бағытта Алматы қаласы ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер эпидемиологы Гаухар Нағашыбекқызы баяндама жасап, аурулардың алдын алу, ерте анықтау және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
Семинар интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар толық әрі түсінікті жауап берді.
Ашық пікір алмасу студенттердің тақырыпқа деген қызығушылығын арттырып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандырды.
Вирустың шығу тегі, оның сыртқы ортадағы тұрақтылығы, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға деген жанашырлық пен төзімділік сұрақтары аудиторияның ерекше қызығушылығын тудырды.
Дәріс барысында АИТВ — иммундық жүйеге әсер ететін және ағзаның инфекцияларға қарсы тұру қабілетін төмендететін адамның иммун тапшылығы вирусы екендігі егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Мамандар, АИТВ күнделікті өмірде — қол алысу, құшақтау, ортақ ыдыс-аяқ немесе ауа тамшылары арқылы берілмейтінін атап өтті.
Студенттер жауапты мінез-құлықтың, қорғаныс құралдарын қолданудың, сондай-ақ инфекцияны ерте анықтауға және емдеуді тезірек бастауға мүмкіндік беретін тұрақты тестілеудің маңыздылығы туралы білді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастар арасында қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алуға, сондай-ақ денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Топ кураторы «Зооинженерия және биотехнология»
кафедрасының аға оқытушысы Орақбаева А.Д.
.jpeg)

.jpeg)

.jpeg)