KazNARU-да XXIII ФАКУЛЬТЕТАРАЛЫҚ СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде студенттер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және факультеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында дәстүрлі XXIII факультетаралық спартакиада бастау алды.
Аталған спорттық дода 2026 жылдың 2 ақпанынан бастап университеттің спорт кешенінде өтуде. Көпжылдық тарихы бар бұл спартакиада KazNARU-дың спорттық өміріндегі ең маңызды іс-шаралардың бірі саналады.
Жарыстың басты мақсаты – студент жастарды дене шынықтыру мен спортқа кеңінен тарту, олардың спортпен жүйелі түрде айналысуына қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ факультеттер арасындағы ынтымақтастық пен достық байланыстарды нығайту.
Спартакиада «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілуде. Байрақты бәсекеге әр факультеттен спорт түрлері бойынша бір құрама команда қатысып, медициналық тексеруден өткен, тиісті спорттық дайындығы бар 1–5 курс студенттері мен 1–2 курс магистранттары енгізілген. Барлық қатысушылар бірыңғай нөмірленген спорттық формада өнер көрсетуде.
Спартакиада аясында 3–7 ақпан күндері волейболдан қыздар арасындағы жарыстар өтті. Алты факультеттің командалары айналма жүйе бойынша өзара бақ сынасты. Ойындар жоғары деңгейде өтіп, жанкүйерлердің белсенді қолдауы ерекше байқалды. Жыл өткен сайын көрермендер санының артуы университетте жүйелі түрде өткізілетін спорттық жарыстардың жастарды жаппай спортқа баулудағы тиімділігін айқын дәлелдеп отыр.
Волейболдан қыздар командаларының қорытынды нәтижелері төмендегідей:
I орын – Ветеринария және зооинженерия факультеті
II орын – Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультеті
III орын – Бизнес және құқық жоғары мектебі;
IV орын – Су ресурстары және IT технологиясы факультеті;
V орын – Инженерлік технологиялар факультеті;
VI орын – Агробиология факультеті.
Жарыстың бас төрешісі – ҚР волейболдан спорт шебері Олег Павлович Кузнецов. Төрешілер алқасында Ш. Арзиев, У. Жамалбеков, Я. Манапов, А. Куанышев, А. Талғат, С. Кондратенко қызмет атқарды.
Факультетаралық спартакиада студенттердің спорттық шеберлігін арттырып қана қоймай, олардың командалық рухын күшейтіп, белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануына зор серпін береді. Университет ұжымы бұл спорттық шараның алдағы кезеңдері де жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға жарқын әсер сыйлайтынына сенім білдіреді.
Барша спартакиада қатысушыларына сәттілік тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі