«Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық жинағының тұсаукесері
Алматыда 2026 Жылқы жылына орай «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық жинағының тұсаукесері өтті
Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында маңызды ғылыми-мәдени шара – «Жылқы түлігі» атты жаңа кітаптың тұсаукесері және «Жылқы шаруашылығына арналған инновациялық технологияларды әзірлеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел болып өтті.
Іс-шара Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU), «Кетбұқа-Төлегетай» халықаралық қоғамдық қоры және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жаңа еңбектің маңыздылығы.
Тұсауы кесілген «Жылқы түлігі» ғылыми-танымдық жинағының авторлары – профессор Қайрат Жәлелұлы Исхан және Айбек Мүталапханұлы Каримов. Бұл еңбек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландыратын «Жылқылардың генетикалық ресурстарын басқаруды оңтайландыру үшін молекулалық-генетикалық әдістерді қолдану және өнімді жылқы шаруашылығына арналған инновациялық технологияларды әзірлеу» (BR22887106) ғылыми жобасы аясында, 2026 Жылқы жылына арнайы дайындалған.
Жинақта жылқы шаруашылығына қатысты ауқымды мәселелер қамтылған:
- Қазақ жылқысының түп-тегі, анатомиясы, физиологиясы мен экстерьерлік ерекшеліктері;
- Көшпелілер өркениеті мен көнетүрік мәдениетіндегі жылқы бейнесі, тұлпарлардың тарихи маңызы;
- Еліміздегі жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы және асылдандыру жұмыстары;
- Ат спортының тарихы, бәйге мен көкпарға жарамды тұлпарларды таңдаудың ғылыми негіздері;
- Ат үстіндегі өнер, саятшылық және туризм мәселелері.
Сарапшылардың басқосуы.
Н.Дәулетова атындағы залда өткен жиынға ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ғалымдары, атбегілер, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда жылқы шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері терең талқыланды.
Іс-шараға қатысып, сөз сөйлеген құрметті қонақтар қатарында:
- Әбдірахман Омбаев – а.ш.ғ.д., профессор, KazNARU жанындағы халықаралық зерттеу орталығының жетекшісі;
- Амин Акимбеков және Нәбидолла Кикебаев – а.ш.ғ.д., «Қазақ жылқы шаруашылығы ҒЗИ» бас ғылыми қызметкерлері;
- Тұрабаев Амантай – а.ш.ғ.к., Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ғылыми қызметкерлері;
- Кәрібаев Берекет – тарих ғылымдарының докторы, профессор;
- Қансейіт Әбдезұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор.
- Мұрат Әбуғазы – өнер ғылымдарының кандидаты., Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ғылым-ұстазы, күйші;
- Қалмағанбетов Мұрат, Джунисов Аскар және Мырзакулов Сергали – а.ш.ғ.кандидаты, доценттер., Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU;
- Талғат Жайсанбаев – «Зауыт жылқылар тұқымдары бойынша Республикалық Палата» директоры;
- Мақсат Ахаев – «Qazaq Jockey Club» РҚБ төрағасы;
- Ержан Майлыбаев – «Алматы ипподромының» бас директоры;
- С.Сырғабаев – Ә.Қастеев атындағы ұлттық музей қызметкері;
- Ж.Күнғожинов – Қазақ ұлттық цирк қызметкері;
- М.Қазыбек – «Балуан Шолақ феномені»
- И.Омаров – ҚР Мәдениет саласы кәсіподақтары одағы.
- Жомарт Сайболатов – белгілі атбегі, ҚР «Бәйге федерациясының» президенті және т.б. сала мамандары болды.
Сондай-ақ жиынға «Жылқы жыры» хабарының жүргізушісі Бағдат Мұхтарұлы, танымал журналист, ақын Бақыт Құтпанбай, тарихшы Ғалымбек Іргебаев және ветеринария саласының мамандары қатысып, ғылыми ой-пікірлерімен бөлісті.
Бұл шара – ұлттық бренд болып табылатын қазақ жылқысын зерттеудегі және насихаттаудағы маңызды қадам.
.jpeg)


.jpeg)
