ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

«Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз!»: 16 Желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара

16 Желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара ҚазҰАЗУ-дың Ветеринария және зооинженерия факультетінің №5 жатақханасында өтті.

Ұлы мерекеге орай ұйымдастырылған бұл кеш студенттердің жүрегіне Отанға деген шексіз махаббат пен мақтаныш сезімін ұялатты.

Мерекелік кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын асқақтата орындаумен басталып, барлық қатысушыларды бір рухқа біріктірді.

Еліміздің тәуелсіздік жолындағы қиын да қасиетті кезеңдерді еске түсіру мақсатында тарихи бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, қазақтың қастерлі мұрасы – домбыра күмбірі мерекелік кештің сәнін келтіріп, рухты күйлер жүректі тербеді.

Ерекше қызығушылық тудырған сәт – Тәуелсіздік тарихы мен рәміздеріне қатысты «Білімді ұрпақ» сұрақ-жауап ойыны болды. Студенттер өздерінің білімдерін, тапқырлықтарын көрсетіп, жеңімпаздар марапатталды.

Кештің кульминациясы – Желтоқсан оқиғасының ерлігін бейнелеген «Желтоқсан жалыны» атты қысқа қойылым болды. Қойылымнан кейін қолдарына шам ұстаған студенттердің орындауындағы «Желтоқсан желі» әні мерекелік кешті ерекше сезіммен аяқтады.

Профессор Гульмира Күмісқалиқызы: «Бірлігіміз бекем, рухымыз асқақ болсын! Жүректеріңізде Отанға деген мақтаныш пен сүйіспеншілік мәңгі жасай берсін!»

Тәуелсіздік – мәңгілік құндылығымыз. Бұл кеш студенттердің бойындағы патриоттық сезімді одан әрі нығайтып, жарқын болашаққа деген сенімді арттырды.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник