ҚазҰАЗУ | КазНАИУ | KazNARU

ОҚУ ҮДЕРІСІНІҢ САПАСЫ - KazNARU ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІНІҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА

✅2025 жылдың 21 қарашасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаевтың төрағалығымен кеңейтілген Ғылыми кеңес болып өтті. Онда университеттегі оқу үдерісінің сапасын жақсарту және жандандыру бағытындағы мәселелер ортаға салынып, алда атқарылар маңызды істердің басымдықтары мен оларды шешу жолдары нақтыланды.

✅Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Алпысбаева Гүлмира Егізбайқызы өз баяндамасында білім алушылардың контингенті, профессор -оқытушылар құрамының кадрлық әлеуеті, білім беру бағдарламаларының рейтингтік көрсеткіштері, білім алушылардың академиялық үлгерімі, олардың практикалық дайындығы және жұмыспен қамтылуы, оқу үдерісін цифрландыру мәселелері жайлы нақты талдаулар жасады. Бүгінгі таңда университетте білім алушылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 20%-ға артты. Оқу үдерісін ұйымдастыруда профессор-оқытушылар құрамының сапалық көрсеткіштерінің маңызы зор. Университет бойынша ғылыми деңгейлік орта есеппен 63,5%-ды құрайды, 12 «ЖОО үздік оқытушысы» және 35 «Болашақ» халықаралық стипендия иегерлері қызмет атқарады. Теория мен практиканы ұштастыру мақсатында өндірістен қызметкерлер жұмысқа алынды. Дуальды оқыту күшейтілді, түлектердің жұмысқа орналасуы орта есеппен 80%-дан асты. Оқу үдерісіне толықтай цифрлық трансформация жасалды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде университет ұлттық, халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге ие болды. Дегенмен, жекелеген факультеттерде, кафедраларда жұмыстың жүйелі жүрмей жатқанын атап өтті.

✅Ғылыми кеңестің төрағасы, KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректор, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз сөзінде: 

"Сапаға қол жеткізудің тікелей жолы – әділеттілік! Соңғы 3 жылда әділетті университет құру жолында Өздеріңізбен бірге ауқымды жұмыстар атқарылды. Университетті басқарудың ұйымдық құрылымы қайта қаралды, профессор-оқытушылар құрамының орташа жалақысы 2,8 есеге артты, барлық білім беру бағдарламалары жаңартылды. Жетекші шетелдік университеттермен қос дипломдық 7 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда, оқытудың практикалық бағыты күшейтілді. Бірақ әлі де болса, оқу сапасын жетілдіруде назар аударатын мәселелер жоқ емес. Атап айтқанда, кейбір кафедраларда түлектердің мамандық бойынша жұмыспен қамтылуы мен жекелеген кафедралардың ғылыми деңгейлігі жеткіліксіз, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жобаларға қатысу көрсеткіші төмен"-дей келе, қол жеткізген жетістіктер мен кемшіліктерді ашық талқылауға және оқу сапасын жандандырудың жолдарын бірлесе айқындауды ұсынды.

✅Жарыссөзге шығып, сөз сөйлеген бірқатар Ғылыми кеңес мүшелері мен қатысушылар пікірлерін ашық жеткізіп, оқу үдерісінің сапасын арттыруға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, білім сапасын тәуелсіз бағалау тетіктерін жетілдіру, жас ғалымдар кеңесінің жұмысын жандандыру, профессор-оқытушы қауымның Scopus және Web of Science деректер базаларында жарық көрген мақалаларын қосымша қаржылай ынталандыруды қарастыру қажеттігіне тоқталды.

✅Ғылыми кеңестің жұмысын қорытындылай келе, KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректор, академик Ақылбек Күрішбаев университеттегі оқу үдерісін жандандыру бағытында көптеген мәселерді шешу жолдарын жаңаша қарастыруды, өз міндеттерін толыққанды орындамаған факультет декандары мен кафедра меңгерушілеріне тәртіптік шара қолдануды жауапты тұлғаларға тапсырды. Сонымен қатар жақын арада университеттің басшылық құрамымен және факультет декандарымен жеке жиналыс өткізетіндігін атап өтті.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник