ДУАЛЬДЫ ОҚЫТУ: БІЛІМ МЕН ТӘЖІРИБЕНІ ҰШТАСТЫРУ
2025 жылғы 19 қараша күні ҚР Энергетика, жер қойнауын пайдалану және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМК «Оңтүстік-шығыс аймақ» филиалымен бірлескен дуальды оқыту аясындағы жұмыстар жалғасуда.
6В08302 – «Орман ресурстары және орман шаруашылығы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері доцент А.Ж. Токтасыновтың жетекшілігімен кәсіби дайындықтарын жетілдіруде. Филиалда еңбек етіп жүрген университет түлектері Ұлпан Бақытбекқызы мен Альбина Нұрланқызының тәжірибесі студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Дуальды оқыту барысында студенттер микроклональды көбейту зертханасында ағаш-бұта өсімдіктерін тұқымнан көбейту технологияларымен танысып, питомникте жас өскіндерді өсіру әдістерін меңгереді. Сонымен қатар, олар тұқым сапасын бағалау, орманды молықтыру және орман ресурстарын басқару бағыттары бойынша тәжірибелік машықтарын дамытады. Аталған филиал жыл сайын студенттерді кәсіби тәжірибеге қабылдайтын тұрақты серіктес мекемелердің бірі болып табылады.
Университет тарапынан кафедра меңгерушісі А. Қопабаева және Практика және жұмысқа орналастыру бөлімінің жетекші маманы Б. Әділхан өндірістік алаңға барып, дуальды оқытудың жүргізілу барысымен танысты. Кездесу барысында алдағы ынтымақтастық бағыттары мен бірлескен жұмыстың жаңа мүмкіндіктері талқыланды.
Бұл ұзақ мерзімді әріптестік орман шаруашылығы саласы үшін білікті мамандар дайындауда маңызды рөл атқарады.



