ҚазҰАЗУ

«Мамандығым – мақтанышым!» тәрбиелік-танымдық іс-шарасы өтті

«Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ, «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының 6В05102 – «Биотехнология» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын БТ-25-01К және БТ-23-03К топтарының ұйымдастыруымен «Мамандығым – мақтанышым!» атты тәрбиелік-танымдық іс-шара өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биотехнология саласының ұлттық ғылым мен экономиканың стратегиялық бағыттарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен. Мемлекет басшысының айтуынша, биотехнологияны дамыту – ғылымды ілгерілету ғана емес, сонымен қатар елдің қауіпсіздігін, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын және ауыл шаруашылығының инновациялық дамуын қамтамасыз ететін маңызды тетік.

Осы үндеуді қолдау мақсатында университет студенттері өз үлестерін қосып, аталмыш танымдық іс-шараны ұйымдастырды.

Іс-шараға Жастар ісі жөніндегі басқарманың жетекші маманы Еркебай Әбдіхалық Медеуұлы, Жастар ісі жөніндегі басқарма маманы Есбердинова Назерке Серікқызы, Факультет деканының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары PhD Спатай Нұрәділ Нұрбекұлы, «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының меңгерушісі, а.ш.ғ.к., профессор Құлатаев Бейбіт Тұрғанбекұлы қатысып, студенттерге құттықтау сөздерін айтып, өз ақ тілектерін жеткізді.

Іс-шара барысында студенттер мамандыққа кіріспе жасап, биотехнология ғылымының негізгі бес бағыты мен оның артықшылықтары туралы мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ оқу процесінің қызықты сәттерінен арнайы әзірленген видеоролик көрсетілді. «Мен кіммін немесе бұл не?» атты танымдық ойын, «Жаңартаудың атқылауы» атты шағын тәжірибелік-зертханалық жұмыс және «Кім тез?» атты көңілді жарыс ұйымдастырылып, іс-шараға ерекше серпін берді.

Іс-шара соңында БТ-25-01К және БТ-23-03К топтарының кураторы Валиева Гүлім Азатқызы сөз сөйлеп, «Биотехнология – болашақтың кілті!» екенін атап өтіп, студенттерді мамандықты терең меңгеруге, белсенділік танытуға және студенттік өмірді жемісті өткізуге шақыра отырып, шараны қорытындылады. Дәстүр бойынша барлық қатысушылар естелік суретке түсті.

Іс-шара мазмұнды өтіп, студенттердің «Биотехнология» білім беру бағдарламасына деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін арттыра түсті деген сенімдеміз.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник