ЖҰМЫС ЖӘРМЕҢКЕСІ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
2025 жылдың 12 қарашасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Алматы қаласы Мансап орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізілді.
Іс-шараға ірі компаниялар мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Жәрмеңке барысында қатысушылар халыққа қызмет көрсету, тамақтану, заң, ақпараттық технологиялар, экономика, аграрлық сектор сияқты салалар бойынша мамандарды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетіп, ақыл-кеңес берді.
ЖОО студенттері мен бітірушілері, соның ішінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің білім алушылары қатысқан шарада қаланың танымал ірі компаниялары мен кәсіпорындар 300-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды.
Жәрмеңкені Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов ашып, өз сөзінде «Бүгінгі өтіп жатқан жәрмеңке – тек бір күндік іс-шара емес, университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың дәстүрлі алаңы. Бұл – біздің түлектеріміздің еңбек нарығына сәтті бейімделуіне, кәсіби өмірге сенімді қадам басуына мүмкіндік беретін маңызды бастама» екендігіне тоқталды.
Биылғы жәрмеңкеге университетіміздің үш факультетінен 340-қа жуық бітіруші студент қатысты. Атап айтқанда:
- Бизнес және құқық жоғары мектебінен – 98 студент;
- Су ресурстары және IT технологиялары факультетінен – 78 студент;
- Инженерлік технологиялар факультетінен – 160 студент.
Жәрмеңке еліміздің әр аймағынан 50-ге жуық жұмыс беруші ұйымды қамтыды, олардың арасында «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС (Шымкент қаласы), «СТ Агро» ЖШС (Көкшетау қаласы) сияқты отандық беделді кәсіпорындар да бар. Бұл – біздің жәрмеңкеміздің тек Алматы қаласы аясында ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамтып отырғанының айғағы.
Мұндай іс-шаралар еліміздің әр өңірінен келген жұмыс берушілермен өзара тиімді әріптестік орнатуға, жастардың кәсіби дамуына және еңбек нарығын дамытудың жаңа жолдарын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.
KazNARU Баспасөз қызметі
























