KAZNARU-ДА «ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ДИКТАНТ» ӨТТІ
2025 жылдың 7 қарашасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен «Жалпыұлттық диктант» өтті.
Шараны Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Алпысбаева Гүлмира Егізбайқызы салтанатты түрде ашып, қатысушыларды мемлекеттік тілді ұлықтауға бағытталған игі бастамамен құттықтады. Өз сөзінде ол тіл – ұлттың рухани тұғыры екенін атап өтіп, ана тілінің қадірін білуге, сауатты жазуға және мәдениетті сөйлеуге шақырды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге және ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға бағытталған бұл мәдени-ағартушылық жобаға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері белсене қатысты.
Диктанттың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдысын қалыптастыру және оны кеңінен насихаттау болды. Бұл бастама сауатты жазудың тек білім көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік пен тілге деген құрметтің айқын көрінісі екенін көрсетті.
KAZNARU-да өткен шараға барлығы 450 адам қатысты. Оның ішінде профессор-оқытушылар мен қызметкерлер – 150, қазақ тілінде білім алатын студенттер – 150, өзге тілде білім алатын студенттер – 150 адамды құрады.
Диктант екі бағытта өткізілді. Ана тілі ретінде қазақ тілін меңгерген қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде 1913 жылы жарияланған «Оқу жайы» мәтіні бойынша (123 сөз) диктант жазды. Ал қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгерушілерге арналған тақырып – «Отан» (Алматы, «Кітап баспасы», 98 сөз) болды.
Қатысушылар мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеріп қана қоймай, ана тіліне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін арттырды. Мұндай дәстүрлі диктанттар мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейтіп, жастардың тіл мәдениетін жетілдіруге елеулі үлес қосады.
Айта кетейік, биыл 5 қыркүйекте — Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен Қазақстан халқының тілдері күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» бірлесіп «Ұлттық диктант» жобасын бастаған болатын.
KazNARU Баспасөз қызметі






