ҚазҰАЗУ

KazNARU-ға «ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ» КеАҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ АРНАЙЫ КЕЛДІ

✅ 2025 жылдың 5 қарашасында ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» (ҰАҒБО) КеАҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Қоңырбайұлы Асанов жұмыс сапарымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне келді. Кездесуге университет басшылығы мен факультет декандары қатысты.

✅ Кездесу аясында Бауыржан Асанов және KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик Ақылбек Күрішбаев НАНОЦ қызметінің халықаралық стандарттарына сәйкес бірлесіп іске асырылатын жоспарларыы мен міндеттерін, оның ішінде, АӨК ғылыми және кадрлық әлеуетін, еншілес ұйымдардың жұмысын, аграрлық ғылым мен білімнің өндіріспен байланысын, цифрлық технологиялық инновациялар мәселелерін талқылады.

✅ KazNARU ректоры келген қонақты университеттің бүгінгі жетістіктерімен, ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен және жаңа ғылыми инновациялармен таныстырды.

✅ «Соңғы 3 жылда атқарылған түбегейлі өзгерістер мен ауқымды жұмыстар нәтижесінде КаzNARU 2025 жылы алғаш рет «QS Sustainability Rankings» рейтингі бойынша әлемнің үздік 700 жоғары оқу орындарының қатарына, ал Times Higher Education World University Rankings (THE) беделді рейтингі бойынша - 1500+ санатына кіріп, осы құрметке ие болған Қазақстанның үздік 5 жоғары оқу орындарының бірі атанды. Сондай-ақ, Ұлттық рейтинг бойынша Қазақстанның техникалық ЖОО арасында жетекші университет ретінде көш бастап тұр.

Университетімізде білім алушыларды саны 20%-ға артты, қазіргі таңда білім ордамызда әлемнің 20 елінен 1000-ға жуық шетелдік студент білім алады. 7 жетекші шетелдік университеттермен қос дипломдық бағдарламалар іске асырылуда. Осы ғылыми әлеуетті және материалдық-техникалық базаны барынша пайдалана отырып, 5 еншілес ғылыми ұйымда және еліміздің 350 озық агроқұрылымдарының базасында студенттерді оқытудың практикалық бағыттылығы күшейтілді.

Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі 5 есеге, ал ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінің нәтижелерін коммерцияландыру 96 есеге ұлғайды. Web of Science базасы бойынша ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі 2 есеге жуық өсті.

Университетіміздің базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің филиалы ашылды, Қытайдың Чжэцзян технологиялық университетімен «Кеңістік-уақыттық жасанды интеллект» мамандығы бойынша бірлескен қос дипломдық бакалавриат бағдарламасы бойынша алғашқы студенттер қабылданды, Қазақстан – Неміс бірлескен «NEXUS» институты құрылды, АҚШ-тың Небраска Линкольн университетінің филиалын ашу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қытайдың жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен бірлесіп су және орман ресурстарын цифрлық басқару, климаттың өзгеруі, «One Health» ветеринария оқу бағдарламасы мен зертханасы, жасанды интеллект институты бойынша 8 зерттеу зертханалары мен орталықтары құрылды.

Университетіміздің материалдық-техникалық базасы да соңғы 2-3 жылда айтарлықтай жақсарды. Оқу-зертханалық ғимараттар мен студенттік жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, стадион толығымен жаңартылды. 30 жылда бірінші рет 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі жаңа жатақхана салынуда.

KazNARU-дың сенімгерлік басқаруындағы 2 жыл ішінде «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсіптері ҒЗИ» ЖШС-мен бірлесе бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өткен жөн.

Бүгінгі таңда ҒЗИ ғалымдарымен бірлесіп 10 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді, 22 пән бойынша оқу бағдарламалары жаңартылды.

Қазіргі уақытта ҒЗИ-ларда 64 ғылыми жоба орындалуда: 17 - бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша, 20 - гранттық қаржыландыру бойынша, 15 - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша, бұл жобалардың 15-і университетпен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Ғылыми зерттеулердің озық деңгейіне қол жеткізу үшін, сонымен бірге ғалымдардың кадрлық және материалдық-техникалық әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында университет ҒЗИ-мен бірлесіп ұжымдық пайдаланымдағы 11 зертхана құрды» , - деді А.Қ. Күрішбаев.

✅ Іс-сапар барысында «ҰАҒБО» КЕАҚ Басқарма Төрағасы университеттің білім мен ғылым бағытындағы негізгі орталықтарымен танысты. Атап айтқанда, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығын, Су хабы – Халықаралық зерттеу орталығын және Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығын аралады.

✅ Бауыржан Қоңырбайұлы университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетіне жоғары баға беріп, аграрлық ғылым мен білім беруді одан әрі дамыту бағытында бірлескен жобалар мен бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник