ҚазҰАЗУ

KazNARU-ДЫҢ БЕЛСЕНДІ СТУДЕНТТЕРІ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

✅2025 жылғы 30 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде белсенді студенттердің Алматы қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Оралбекұлы Қажденбекпен кездесуі өтті.

✅Кездесудің мақсаты – жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, студенттер мен қалалық жастар саясаты басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту және жастар бастамаларын қолдау болды.

✅Іс-шараны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректордың Бірінші орынбасары Пірімқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов құттықтау сөз сөйлеп, жастардың білім мен азаматтық белсенділік жолындағы еңбегін атап өтті:

«Тоқсан алты жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) алғаш рет QS Sustainability Rankings халықаралық рейтингі бойынша әлемнің үздік 700 жоғары оқу орнының қатарына, ал THE World University Rankings рейтингінде 1500+ санатына енді.

Соңғы жылдары университетте білім алушылардың жалпы саны 20%-ға артса, шетелдік студенттердің саны 10 есеге көбейді. Барлық білім беру бағдарламалары толық жаңартылып, сапасы халықаралық талаптарға сай жетілдірілді.

Қазіргі таңда университетіміз 7 жетекші шетелдік жоғары оқу орнымен қос дипломды білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеді.

Білім ордамызда жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін 15 белсенді жастар ұйымы жұмыс істейді. Атап айтқанда:
– «Зиялы Қазақ» пікірсайыс клубы;
– «Аялы алақан» қайырымдылық ұйымы;
– «Достық» ассамблеясы;
– «Эстрадамен ән айту» және «Дәстүрлі ән» үйірмелері;
– «ALAU» өнерлі жастар ұйымы;
– «Алтын дән» және «Шапағат» жастар қоғамдық бірлестіктері;
– «Жастар рухы» жастар қанаты;
– «Albeni’s» әдеби-шығармашылық клубы;
– «Жайдарман» командасы;
– «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы;
– «WayB» және «One» би топтары;
– «Саналы ұрпақ» клубы.

Аталған ұйымдардың мүшелері қалалық, республикалық іс-шараларға белсене қатысып, түрлі деңгейдегі конкурстар мен жобаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Олардың жетістіктері – университетіміздің мақтанышы әрі ел жастары үшін үлгі боларлық көрсеткіш»
, – деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅Кездесу барысында Азиз Оралбекұлы жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы баяндады. Алматы – жастар қаласы, мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 700 мыңнан астам жас тұрады және 210 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын қалада 1000-нан астам іс-шара өткізіліп, оған жалпы саны 15 мыңнан аса студенттің қатысатынын айтты. Спикер белсенді студенттер мен ұйым жетекшілерін жастар өміріне белсене атсалысуға шақырды.

✅Жастар саясаты басқармасының Жастарды әлеуметтендіру және ақпараттық қамту бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Болатұлы Беккайыров басқарманың 59 түрлі жобасы туралы ақпарат берді. Олардың ішінде ғылыми, креативті, шығармашылық және экологиялық бағыттағы жобалар бар. Сонымен қатар, жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылған. Ұсыныстар мен өтініштерді JasAlmaty.kz сайтында онлайн түрде қалдыруға болатыны айтылды.

✅Алматы қаласында жастарға арналған комьюнити орталықтар жұмыс істейтіні де баяндалды. Бұл орталықтарда түрлі курстар, іс-шаралар мен жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Студенттерге аталған орталықтардың мекенжайы мен жұмыс уақыты жөнінде толық ақпарат берілді.

✅Кездесу соңында университет басшылығы атынан Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды. Аталмыш іс-шара жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытып, олардың қоғам өміріне белсене араласуына ықпал еткен маңызды диалог алаңы болды.

KazNARU Баспасөз бөлімі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник