KAZNARU ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВАКЦИНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ESWI 2025 ЕУРОПАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ
2025 жылдың 20–23 қазан аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) Халықаралық вакцинология орталығының қызметкерлері – ветеринария ғылымдарының докторы Қайрат Табынов және ғылыми қызметкер Лейла Елчибаева Испанияның Валенсия қаласында өткен ESWI 2025 10-шы Еуропалық конференциясына қатысты.
ESWI (European Scientific Working group on Influenza) конференциясы – тұмау мен тыныс алу жолдарының вирустарына арналған әлемдегі ең беделді ғылыми форумдардың бірі. Екі жылда бір рет өтетін бұл конференция әлемнің жетекші зерттеушілері мен халықаралық ғылыми ұйым өкілдерін біріктіреді.
Конференция барысында қазақстандық ғалымдар AP19675939 «Жоғары патогенді құс тұмауына қарсы интраназальды нановакцина әзірлеу (2023–2025 жж.)» жобасының соңғы нәтижелерін таныстырды. Жоба Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырылған. Нәтижелер постерлік баяндама түрінде ұсынылды. Жобаның ғылыми жетекшісі – биология ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Табынов.
Сонымен қатар, профессор Қайсар Табынов конференция аясында “Virus Evolution and Strain Selection” атты секцияны әйгілі австралиялық ғалым доктор Кирсти Шортпен бірге жүргізді. Секция барысында вирустардың эволюциясы мен вакциналарға арналған штаммдарды іріктеу мәселелері талқыланды.
KazNARU өкілдері ESWI ұйымдастырушыларына жоғары деңгейде өткен іс-шара үшін, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастықты дамытуға серпін беретін шабытты ғылыми орта қалыптастырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Анықтама:
ESWI конференциясы Еуропалық тұмау жөніндегі ғылыми жұмыс тобының (ESWI) бастамасымен өткізіледі және вирусология, эпидемиология мен вакцина жасау салаларындағы жетістіктерді талқылауға арналған маңызды халықаралық алаң болып саналады.
Ресми сайт: https://eswiconference.org/



