Жаһандық рейтингтегі жетістік: KazNARU алғаш рет Times Higher Education (The) World University Rankings 2026 беделді рейтингіне енді!
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) Times Higher Education World University Rankings 2026 беделді рейтингіне алғаш рет кіріп, тарихи жетістікке жетті. Университет бірден 1500+ санатына енгізіліп, осы құрметке ие болған Қазақстанның үздік 5 жоғары оқу орнының бірі атанды!
Бұл жетістік - KazNARU командасының халықаралық стандарттарды интеграциялау, ғылыми ортаны дамыту және жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. Әсіресе «Халықаралық перспектива» көрсеткіші ерекше жоғары бағаланды, бұл университеттің халықаралық академиялық алмасулардағы, бірлескен зерттеулердегі және шетелдік студенттер мен оқытушыларды тартудағы белсенді рөлін айқын көрсетті.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек KazNARU ұжымын осы жетістігімен құттықтап, Times Higher Education рейтингіне ену – университет беделінің халықаралық деңгейде мойындалуы екенін атап өтті.
KazNARU публикациялық белсенділікті арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, халықаралық байланыстарды кеңейту және білім беруде инновациялық тәсілдерді енгізу жұмыстарын қарқынды жүргізе отырып, өзінің тұрақты даму стратегиясын жалғастырып келеді. Жаһандық бәсекелестік жағдайында университеттің Times Higher Education рейтингіне енуі жоғары білікті кадрларды дайындау мен отандық ғылымды халықаралық деңгейге көтеру бағытындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Бұл жай ғана жеңіс емес - бұл университеттің дамуындағы тарихи жаңа кезең! Аталған жетістік 2026 жылғы Times Higher Education (THE) әлемдік жоғары оқу орындарының беделді рейтингі бойынша университетіміздің Орталық Азия мен Кавказ елдерінің ЖОО арасындағы жетекші орнын растайды!
KazNARU-дың ұжымы мен білім алушыларына осы жетістікке жетуде қосқан үлесі үшін шын ризашылығымызды білдіреміз!
KazNARU Баспасөз қызметі