ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР САЛАСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖӨНІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
2025 жылғы 29 тамызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Геоақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибе алмасу жөніндегі Қазақстан-Қытай конференциясы» болып өтті.
Конференцияның мақсаты – Қазақстан-Қытай ғалымдарының геоақпараттық технологиялар саласындағы үздік тәжірибелерімен алмасу және осы бағыттағы ынтымақтастықты одан ары дамыту, технологиялар трансферін өндіріске енгізу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және бәсекелестікке қабілетті мамандарды бірлесе даярлауды талқылау.
Конференция жұмысын KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов пен ҚХР Децин округінің партия комитетінің хатшысы, делегация басшысы Ван Бо құттықтау сөзбен ашып, екі жақтың ғылым саласындағы қызметімен жақын танысу, ғылыми-зерттеу мен білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, жаңа буын мамандарын бірлесе даярлау мәселелерін жан-жақты қарастырудың маңыздылығын атап өтті.
KazNARU 100 жылға жуық тарихы бар, аграрлық сала бойынша жоғары білім, ғылым және инновацияларды интеграциялаған ұлттық зерттеу университеті. Бүгінде университетіміз ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі бағытында Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азия кеңістігінде жетекші ғылыми және академиялық орталық ретінде танылып отыр.
«Біздің оқу орнымызда өтіп жатқан конференцияның маңызы өте зор – өйткені географиялық ақпарат табиғи ресурстарын тиімді пайдаланумен, қоршаған ортаны қорғаудан бастап, инфрақұрылымды дамыту және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге дейін жаһандық және аймақтық міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарады. Қазақстан мен Қытай берік ынтымақтастыққа ие, ал ғылым мен технология саласындағы өзара диалогымыз барған сайын нығая түсуде. Бүгінгі тәжірибе алмасу, ұсынылатын баяндамалар мен пікірталастар байланыстарды нығайтып қана қоймай, жаңа бірлескен бағыттарды айқындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін» - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Спикер одан ары ерекше көңіл бөлетін бірқатар мәселелерге тоқталып өтті:
• бірлескен геоақпараттық жобаларды дамыту
• қашықтықтан зондтау бойынша озық технологияларды енгізу
• мамандар даярлау және академиялық алмасуды кеңейту.
Ван Бо мырза өз сөзінде геоақпарат саласындағы білім мен технологиялар алмасу екі көршілес елдеріміз үшін маңызы ерекше деді. Қазіргі кезде геоақпараттық жүйелер жер және су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға, экологиялық мәселелерді шешуге, сондай-ақ көлік пен инфрақұрылымды жетілдіруге мүмкіндік беретінін де айтып өтті.
Конференцияда Чен Си, Чжэцзян технологиялық университетінің географиялық ақпарат бөлімінің проректоры – «Қытайдағы географиялық ақпараттың қазіргі жағдайы», Ван Хайтао, Beijing SuperMap Software Co., Ltd. – «Қытайдың геоақпараттық Индустрия қауымдастығына кіріспе», Ма Сяофей, Zhejiang Guoyao Geoinformation Technology Co., Ltd. – «Кеңістік-уақытты индустрияландыруды талқылау», Чжан Бо, TUDOU Data Technology Group Co., Ltd. – «Нақты қосымшаларға кіріспе және деректерді пайдалану мысалдары» атты баяндамаларын ұсынды.
KazNARU тарапынан Ермеков Фараби Керімбайұлы, ғылыми-білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры – «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау», Арыстанов Әсет Әмірханұлы, ғылыми қызметкер – «Деректерден шешімдерге: Солтүстік Қазақстан облысының тұрақты дамуы үшін шешімдер қабылдауды қолдау жүйесін қалыптастырудағы ЖҚЗ рөлі», Барлықов Ерболат Көпсекбайұлы, қауымдастырылған профессор – «Қазақстан Республикасының шетелдік инвестициялары» атты тақырыпты ортаға салды.
Қатысушылар талқыланған мәселелер мен баяндамалар Қазақстан-Қытай арасындағы ғылыми және іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға, өзара түсіністікті тереңдетіп, екі мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Жиын қортындысында KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы мен ҚХР Децин округінің партия комитетінің хатшысы, делегация басшысы Ван Бо қатысуымен "Геоақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға" қол қойылды.
Конференция қонақтары оқу орнымыздың қызметімен танысып, Су ресурстарын басқару ғылыми-зерттеу орталығында болып, білім беру мен ғылыми зерттеулер бойынша жаңа жетістіктерге жоғары баға берді және жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін университет басшылығына өз алғыстарын білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі.