KazNARU СТУДЕНТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттердің Республикалық ғылыми зерттеу жұмыстары конкурсында 6В08102 – «Топырақтану және агрохимия» білім беру бағдарламасы бойынша базалық ЖОО болып табылады. Студенттер арасындағы байқаудың шешуші кезеңінде еліміздегі 5 ірі оқу орнынан осы салада жазылған 8 ғылыми зерттеу жұмысы келіп түсті.
Құрамы белгілі профессорлар мен ғалымдардан тұратын Байқау комиссиясының шешімімен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті Арайлым Қалдаяқ – 6В08102 – «Топырақтану және агрохимия» БББ бойынша жүлделі І орыннан көрініп, оқу ордамыздың абыройын асқақтатты. Ол «Қазақстанның оңтүстік-шығысында алма ағаштарын өсіруде биотынайтқыштардың топырақ құрылымына және өнімділікке әсері» атты зерттеу еңбегі үшін I Дәрежелі дипломымен марапатталды.
Арайлым Қалдаяқтың ғылыми жетекшісі – халықаралық қауымдастыққа танымал белгілі ғалым Жаппарова Айгүл Абсултанқызы. «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының профессоры болып қызмет істейтін ол 2024 жылдың 27 мамырынан 26 қарашасына дейін "Болашақ" халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ-тағы Иллинойс штаты Урбана-Шампейн университетінде (UIUC) тағылымдамадан өткен аса тәжірибелі ғалым-ұстаз.
Сондай-ақ, жүлделі 2-ші орынды С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенті Әмір Көпенов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Аружан Елеусізова бөліссе, 3-ші орынға Шәкәрім атындағы Семей университетінің студенті Перизат Жүнісбекова, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ студенті Мәдина Көшербек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстануниверситетінің студенті Нұрай Қасымбек ие болды.
Республикалық байқауда университетіміздің абыройын ғылыми қауымдастыққа жақсы қырынан танытып, білім қуған жастарға үлгі болған студентіміз бен ғылыми жетекшісін кезекті жетістігімен құттықтаймыз және алда жаңа биіктерге жете берулеріне тілектестік білдіреміз!
KazNARU Баспасөз қызметі