KazNARU БАЗАСЫНДА «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП – 2025» ДӘРІСТЕРІ БАСТАЛДЫ
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Су ресурстары зерттеу орталығында «Халықаралық жазғы мектеп – 2025» аясында биылғы мектептің ресми жұмысы басталды. Халықаралық жазғы мектептің басты мақсаты – жаңа білім беру, өзге елдердің ЖОО-ларындағы практикалық дағдыларды, инновациялық технологиялар мен ғылыми зерттеулер жүргізу әдістемелерін үйрету.
Алғашқы дәрістерге шетелдік белгілі ғалымдар, атап айтқанда, Германияның Leibniz University профессоры Георг Гуггенбергер, Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының өкілдері Константин Пачикин, Виктор Чепинога, Ольга Шибистова және Leibniz University студенттері қатысты.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті тарапынан Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультетінің деканы – Сәрсекова Дани Нұрғисайқызы, Халықаралық офистің жауапты қызметкерлері, магистранттар мен БАҚ өкілдері болды.
Мектептің ашылуына орай сөз сөйлеген Дани Сәрсекова халықаралық талаптарға сай оқу сапасына қол жеткізуді, цифрлы университет құруды, нағыз ғылыми зерттеу оқу орнына айналуды мақсат етіп отырған KazNARU жетістіктеріне тоқталды. Оқу ордамыз QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарында көрініп келеді.
«Университеттің білім беру бағыттарының ерекшеліктері мен ғылыми-зерттеу бойынша үздік жұмыстары, қазіргі заманға лайықты зертхана жабдықтары шетелдік жоғары оқу орындарының назарын аудырып отыр. Биылдың өзінде шетелдік 850-ден аса талапкер бізде білім алуға өтініш берді. Бұл деген халықаралық қауымдастықтағы KazNARU беделінің өсіп жыл санап өсіп келе жатқанының дәлелі. Осы «Жазғы мектеп - 2025» асында өзіміздегі инновациялық өсуді таныстыра отырып, өздеріңіздің де озық үлгідегі білім беру бағдарламаларының жаңашыл жақтарын ортаға салады деп сенеміз. Аграрлық мамандықтың болашағы, жұмыс нарығындағы сұранысы және карьералық өсу перспективаларына әсері тиетін ортақ жұмысымызға сәттілік тілеймін!» - деді Дани Нұрғисайқызы.
Тыңдаушылар үшін, бұл жазғы мектеп деген – әлемдік деңгейдегі ғалым жетістіктерімен жақын танысу, сабақтарды өткізудің жаңа тақырыптары мен нысандарын меңгеру болып табылады. Оның ішінде су ресурстарын бағалау және суды тиімді басқару, биотехнология және аймақтық азық-түлік қауіпсіздігі, инновациялық цифрландыру жағдайындағы ауыл шаруашылығының технологиялары мен техникалық құралдарын пайдалану, жаһандық климаттық өзгерістердің салдарымен күресу жолдарын зерделеуге арналған.
Жиында профессор Георг Гуггенбергер «Көміртекті фарминг және декарбонизация: ауыл шаруашылығының рөлі» атты тақырыпта дәріс оқыды. (Көміртекті фарминг әдістері, жабық дақылдар, органикалық заттар). Профессор климаттың өзгеруінің негізгі аспектілерін, оның әсерін және ауыл шаруашылығымен тығыз байланысын білу қаншалықты маңызды екенін Қазақстан мен Германия арасында салыстырмалы талдау арқылы таратып түсіндірді.
Дәріс тыңдаушылар климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығы ресурстарының жетіспеушілігі, азық-түлік қауіпсіздігінің болашағы туралы, сондай-ақ жерді, суды және нанотехнологияны қаншалықты тиімді пайдаланатынымызға байланысты сұрақтар қойып, толымды жауаптар алды.
Қызықты дәрістер шетелдік профессорлардың қатысумен алдағы 30 тамызға дейін жалғасады.
KazNARU Баспасөз қызметі