KazNARU мен ТАРЫМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ (ҚХР) ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ
2025 жылдың 26 тамызында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Қытайдың Тарым университетінің Ректоры, ғылым докторы, профессор Янь Сянлиньмен кездесті.
Кездесудің мақсаты – екі университет арасындағы білім беру мен ғылыми ынтымақтастық байланыстарды дамыту, соның ішінде академиялық алмасуларды күшейту, инновациялық технологиялар саласындағы жаңалықтармен бөлісу, бірлесекен ғылыми зерттеулер жүргізу және оның нәтижелерін агроөндіріске енгізу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуге ұсыныстар беру т.б.
Қытай жағынан Тарым университетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасының директоры Ма Мин, Мал шаруашылығы және технологиялар факультетінің профессоры Гомингүл Мұхатай, Өмір туралы ғылымдар және технологиялар факультетінің профессоры, микробиология бойынша ғылыми бағыттың жетекшісі Ло Сяося, Шет тілдер факультетінің орыс тілі оқытушысы Би Цюшуан;
KazNARU жағынан Халықаралық қатынастар мен стратегиялық даму проректоры Рафиз Абазаов, факультет декандары – Ержан Абилдаев, Асылбек Мусоев, Дани Сарсекова, Мейрам Арыстанов және жауапты құрылымдардың жетекшілері қатысты.
Университет басшысы Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде ҚХР басшылығының «Бір белдеу – бір жол» бастамаларын қолдайтынын, онда түрлі бағыттар бойынша, оның ішінде ғылыми-білім беру, аграрлық салада ынтымақтастық терең дамып келе жатқанына тоқталды.
KazNARU осы ғылыми ынтымақтастықты дамытуда жетекші рөл атқарады және АӨК саласында көптеген ауқымды ғылыми жобаларды іске асырады. Бүгінгі таңда ҚХР-дың 40-тан астам жетекші университеттерімен білім беру бағдарламалары мен бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыру бойынша шарттарға қол қойылды. Мысалы, Қытай аграрлық университеті (Пекин), қытайлық Dayu Irrigation Group компаниясы, Ланжоу университеті, Хэнань ауылшаруашылық университеті, Сычуань ауылшаруашылық академиясы, Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті, Ланьчжоу ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты бар. Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен, Лан Джоу ветеринарлық ғылыми зерттеулер институтымен бірлескен бағдарламаларды табысты жүзеге асыруда. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде университетіміздің базасында бірнеше бірлескен орталық құрылды.
«Еліміздегі жетекші оқу орны KazNARU ғалымдарының күшімен озық қытай технологияларын меңгеру арқылы ғылыми зерттеу салаларын күшейтуге, білім беру сапасын арттыруға, технологиялар мен инновациялардың перспективалы коммерциялық нарығына шығаруға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Енді осы бастамаларды ары қарай дамыту бойынша бірлескен жұмыстар бағытын кеңейтуді ұсынамын», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
1. ҚҰРҒАҚ АЙМАҚТАРДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Тарым университетінің шөлді және шөлейт аймақтардағы тәжірибесін ескере отырып, су ресурстарын тиімді басқару және құрғақшылыққа төзімді агротехнологияларды енгізу жөніндегі бірлескен жобаларды қолға алу.
2. МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ
Тарым университетінің тәжірибесін пайдалана отырып, экстремалды жағдайларға бейімделген тұқымдардың генетикасы мен селекциясы саласындағы зерттеулер жасау, жануарлар ауруларының алдын алу жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу.
3. БИОТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ
Тарым университетінің мықты тұсы болып табылатын стандарттауды, тестілеуді және жаңа азық-түлік өнімдерін әзірлеуді қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын талдау және арттыру бойынша бірлескен жобаларды қолға алу.
4. АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ
Құрғақ аймақтардағы ауыл шаруашылығының ерекшеліктерін зерттеу және бірлескен зертханалар мен орталықтарда жұмыс істеу үшін студенттермен, оқытушылармен және зерттеушілермен алмасу.
5. «ЖАСЫЛ» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ДАМЫТУ
Тұрақты дамудың заманауи сын-қатерлеріне жауап беретін ауыл шаруашылығында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қоса алғанда, экологиялық таза технологияларды енгізу бойынша ынтымақтастықты дамыту.
Тарым университетінің Ректоры, профессор Янь Сянлинь айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын атап өтті, сондай-ақ ғылым мен білім беру байланыстарын тереңдетудің тиімді тетіктерін бірлесе іздеуді және іске асыруды жеделдетуге ниет білдірді.
«Алдағы уақытта оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер алмасу, білім алушылар арасындағы академиялық ұтқырлықты дамыту, профессорларды дәріс оқуға және практикалық сабақтар өткізуге шақыру, оқу-әдістемелік жұмыстар мен ғылыми жобалар бойынша ақпарат алмасу, ғылыми практикалық жұмыстарды бірлесе жалғастыру – ортақ мақсатымыз. Және халықаралық ғылыми конференциялар, жобалық семинарлар мен оқытушылық дәрістерді ұйымдастыру, агорсаладағы серіктестердің ынтымақтастығын кеңейту сияқты жобаларды бірлесе жүзеге асыру екі ел үшін де маңызды. Біз сіздермен әріптестікті нығайтып, осы игі мақсаттарға бірге қол жеткіземіз деп сенемін» - деді Янь Сянлинь мырза.
Қытай делегациясы оқу орнымыздың қызметімен танысып, Су ресурстарын басқару ғылыми-зерттеу орталығында болып, білім беру және ғылыми зерттеулер бойынша жаңа жетістіктерге жоғары баға берді және жылы қабылдау көрсеткені үшін университет басшылығына өз алғыстарын білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі.