💯 ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҚР ҰҒА ЖАС ҒАЛЫМДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ТАЛАНТТЫ ЖАС ҒАЛЫМ USERN PRIZE 2025 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ТОП-10 ФИНАЛИСТЕРІНІҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ
Қазақстан алғаш рет беделді USERN Prize 2025 халықаралық сыйлығының финалистері қатарында ұсынылды. Биологиялық ғылымдар саласы бойынша әлемнің үздік он жас ғалымының қатарына қазақстандық зерттеуші Мақсат Жабағин еніп, Орталық Азияны әлемдік ғылым аренасында таныстырды.
Мақсат Жабағин – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы.
USERN Prize сыйлығы 2016 жылдан бері жас ғалымдардың ғылымды дамытуға және оның көкжиегін кеңейтуге қосқан ерекше үлесі үшін табысталып келеді. Лауреаттар дәстүрлі түрде қараша айының 10-ы — ЮНЕСКО бекіткен Бейбітшілік пен даму жолындағы ғылым күні жарияланады.
Сыйлықтың ұйымдастырушысы — The Universal Scientific Education and Research Network (USERN), әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілерді біріктіретін халықаралық ғылыми платформа. Ұйымның Консультативтік кеңесіне әлемдегі үздік 1%-ға кіретін 600-ден астам ғалым кіреді, олардың қатарында Нобель және Абель сыйлықтарының 22 лауреаты бар.
2025 жылы сыйлыққа 200 мыңнан астам өтінім түскен, олардың ішінде шамамен 90 мыңы номинацияға ұсынылған. Сыйлық комитеті 978 кандидаттың өтінімін қабылдап, көпсатылы іріктеуден кейін Консультативтік кеңес ғылымның бес саласы бойынша (формалды, физикалық және химиялық, биологиялық, медициналық және әлеуметтік ғылымдар) ТОП-10 финалисттің тізімін ұсынды.
Үздік ондыққа ену — тек жеке жетістік қана емес, сонымен бірге Қазақстан мен Орталық Азия ғылымының әлемдік деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
Лауреаттарды анықтау жөніндегі түпкілікті шешімді USERN Консультативтік кеңесі қабылдайды, алайда халықаралық сарапшылар қауымдастығының дауыс беру нәтижелері де жеңімпаздарды айқындауда ескеріледі.