Өңірде ғылым дамыса, өндіріс өркендейді
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде алдағы 10 жыл ішінде Қазақстанды астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша әлемдегі он ірі елдің қатарына қосу, сондай-ақ аграрлық секторды индустрияландыру және өңірлерде ғылым мен инновациялық дамуды жан-жақты қолдау қажеттігін тапсырған еді. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) 2025 жылғы 8 тамызда «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында Президиумның көшпелі отырысын өткізді.
Көшпелі отырыстың күн тәртібіне Қостанай облысын кешенді дамытудың басым бағыттары енгізілді. Академияның президенті Ақылбек Қажығұлұлы Қостанай облысында өңірлік ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар шараны атап өтті: «Өңдеу саласында қосымша құн қалыптастырудың пайдаланылмаған зор әлеуеті бар. Бұл – өндіріс тиімділігін одан әрі арттыруға және жүйелі негізде импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Өңірде ғылыми әлеует тапшылығы байқалады. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, Қостанай облысының үлесіне Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалған ішкі шығындардың не бары 1,2 пайызы тиесілі. Мұнда халықтың жан басына шаққандағы зерттеушілер саны Алматы қаласымен салыстырғанда 8 есе аз. Бұдан бөлек, өңірдегі ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орта жасы – 54 (ел бойынша орташа көрсеткіш – 50 жас). Сондықтан ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және өңірге жас зерттеушілерді тарту қажет, сондай-ақ жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушыларын ғылыми қызметке неғұрлым белсенді тарту маңызды.
Академия өңірді дамытуға бағытталған мынадай шешімдерді ұсынды:
1. Өңірлік ғылыми-инновациялық қор құрып, облыстың нақты қажеттіліктеріне негізделген ғылыми-зерттеулерді мақсатты қаржыландыру тетігін енгізу. Осы бағыттар бойынша 5–7 басым ғылыми бағытты Әкімдік Академиямен бірлесе отырып айқындайды. Өндірістік циклдің барлық кезеңіне – жаңа сорттар мен тұқымдарды шығарудан бастап, терең өңдеудің кешенді технологияларын және тиімді басқару шешімдерін енгізуге дейін – ғылыми-технологиялық сүйемелдеу қажет.
2. Өңір ұзақмерзімді, нақты стратегияға ие болуға тиіс. Ол жергілікті жердің бәсекелік артықшылықтарына негізделуі қажет және өңірдің жыл сайынғы даму жоспарлары мен басқарушылық шешімдерінің өзегіне айналуға тиіс. Тек осындай тәсіл ғана экономиканың және әлеуметтік саланың түрлі бағыттарының теңгерімді әрі орнықты дамуын қамтамасыз етеді.
3. Климаттық, агроэкологиялық және инфрақұрылымдық сценарийлерді модельдеу, өңірлік жоспарлауды оңтайландыру және өндірістік жүйелердің тұрақтылығын арттыру мақсатында Қостанай облысында Академияның Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және орнықты даму зертханасының базасында өңірлік ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру ұсынылады. Бұл өңірлік шешім қабылдау жүйесін қалыптастыруға негіз болады.
Көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, өңірлік ғылымның басым міндеттерін айқындау мақсатында Қостанай облысы бойынша жетекші ғалымдардың, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен форсайт-сессия өтті. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен өнеркәсіп арасындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндіктерін талқылады.
Рудный индустриялық университетінде өңірлік форсайт-орталықтың ресми ашылуы өтті. Орталық өңірдің ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарын айқындау, стратегиялық талдау және болжау бойынша маңызды алаңға айналмақ.
Академия Ғылым қорымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Мөлдір ҒАБИТҚЫЗЫ
https://anatili.kazgazeta.kz/news/64405