PECA ЖОБАСЫ: КӘСІБИ БІЛІМ – АЙМАҚТЫҚ ЕЛДЕРДІҢ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ
2025 жылдың 23–24 маусымы күндері Қырғызстанның Бішкек қаласында «Орталық Азиядағы экономикалық өсім секторларына арналған кәсіби білім беру» (PECA) аймақтық жобасының қорытынды іс-шарасы болып өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің білім және еңбек министрліктерінің өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледждердің, ғылыми қауымдастықтар мен халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты.
Қазақстан тарапынан шараға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Стратегия және талдау департаментінің директоры Алексеева Марина Александрқызы, «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі б.ғ.к. қауымдастырылған профессор Мамаева Лаура Асылбекқызы қатысып, университетте PECA жобасының қолдауымен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы атап өтті.
PECA жобасы Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, еңбек нарығы талаптарына сай білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Жоба Германияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының (GIZ) қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қатысушыларды Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Қырғызстандағы Елшілігі, GIZ ұйымының өкілдері құттықтап, ауқымды жобаның өңірлік білім беру жүйесін дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
Пленарлық бөлім барысында PECA жобасы аясында бірнеше жылға созылған ынтымақтастықтың нәтижелері жарияланып, қатысушы елдердің ғылым мен білім берудегі жетістіктері таныстырылды.
Сонымен қатар, келесі маңызды мәселелер талқыланды:
— аймақтық өзара іс-қимылды күшейту;
— нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
— тәжірибеге бағытталған оқытуды енгізу;
— білім беру бағдарламаларын еңбек нарығы талаптарына бейімдеу.
Іс-шара аясында қатысушылар Compass колледжі мен М.Т.Ибрагимов атындағы Қара-Балта техникалық-экономикалық колледжінің қызметімен танысты. PECA жобасының қолдауымен бұл оқу орындарында дуалды білім беру жүйесі енгізіліп, заманауи зертханалар мен өндірістік цехтар іске қосылған.
Іс-шара қортындысында ұйымдастырушылар тарапынан KazNARU халықаралық әріптестік пен кәсіби білім беруді дамытуға қосқан айырықша үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
KazNARU Баспасөз қызметі