«ЭКОЛОГИЯ – КИНО КӨЗІМЕН»: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Аграрлық техника және машина жасау» кафедрасы «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілік қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттарының ұйымдастыруымен «Экология – кино көзімен» тақырыбында тәрбиелік іс-шарасын өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің экологиялық көзқарасы мен санасын қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарау дағдыларын дамыту және қоршаған ортаның өзекті мәселелеріне қоғамдық назар аударту.
Жалпы, табиғат – адамзаттың алтын ұясы, құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті орта. Халқымызда «табиғат» деген сөз туған жер, атамекен деген ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты сезініп, бұлақ көрсе көзін ашып, өзен, көл жағалауларын таза ұстауға тырысады. Өйткені әрбір үлкен-кіші «табиғат пен адам егіз» екенін жастайынан санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйретіп өскен.
«Табиғатты қорғау күнделікті қарапайым нәрседен басталады. Айналаңды таза ұстау, ағаштарды сындырмау, гүлдерді жұлмау, көшеге қоқыс лақтырмау сияқты әдеттерді әрқашан назарда ұстағанымыз жөн. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбы¬лыстары заңдылықтарымен таныс болуы керек. Экологиялық сауатты ашу жас¬тарға дұрыс тәрбие беру арқылы жүзеге асырылады. Біз бәріміз, дәріс беретін оқытушылар да, білім алушы жастар да табиғатты қорғап сақтауда және оны дұрыс пайдалануда жауаптымыз», - дейді факультет деканы Ләззат Әлдібаева.
Іс-шара барысында табиғатты қорғау, климаттың өзгеруі, атмосфера мен су ресурстарының ластануы, сондай-ақ жаһандық экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы секілді маңызды тақырыптар аясында пікірталас ұйымдастырылып, экология мәселелеріне арналған қысқаметражды деректі фильмдер көрсетілді. Экологиялық жағдайға өнер тілімен үңілуге мүмкіндік туғызған фильмдер қатысушыларға терең әсер қалдырды.
Жиын соңында білім алушылар көрсетілген фильмдер мазмұнына талдау жасап, экологиялық мәселелерге қатысты өз көзқарастарын білдіріп, пікір алмасу алаңында белсенділік танытты. Эколог мамандар өз ойларын ортаға салып, жастар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, экология саласындағы білімдерін кеңейтті.
KazNARU баспасөз қызметі