АҚТАУДА КӨШПЕЛІ БІЛІМ БЕРУ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ
2025 жылғы 10 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастырымен Ақтау қаласында Yessenov University-де «Study in Kazakhstan» көшпелі білім беру көрмесі басталды.
Бұл туралы осы көрмеге белсене қатысып, білім берудің халықаралық жаңа стандарттарын таныстырып, ауыл шаруашылығы мамандықтарын насихаттап жүрген Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Қабылдау комиссиясының директоры Айнұр Қайырбаева хабарлады.
Батыс өңірді халық шаруашылығын инженер мамандарымен қамтамасыз ету мақсатында 1976 жылы наурызда іргетасы қалаған жоғары оқу орнына 1995 жылғы 1 шілдеде академик Шахмардан Есенұлы Есеновтің аты берілген.
Yessenov University жанындағы Колледжді автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, автоматтандыру және басқару (бейіні бойынша), электромеханик, есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер т.б. кәсіптік мамандықтары бойынша 300-ден аса түлек бітіргелі отыр. Осы колледж бен Ақтау қаласындағы және Маңғыстау облысының мектептерінен арнайы келген бітіруші түлектер көрмеге өз қызығушылықтарын танытты.
«Жастар арасында химия-биология, физика-математика, математика-география, дүниежүзілік тарих, бизнес және құқық негіздері комбинацияларын таңдаған түлектер саны басым болды. Көрмеге қатысушылар алдында ҚР ҒжБМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Дидарбекова Наужан Әбдісаттарқызы тест тапсыру кезінде қойылатын талаптар бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді. Біз өз тарапымыздан KazNARU факультеттері мен ТИИАШМИ Филиалының ерекшеліктері туралы, білім берудегі инновациялық озық тәжірибелер жайлы ақпараттармен бөлістік», - деді Айнұр Елтайқызы.
Сондай-ақ, «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының аға оқытушысы Асқар Шардарбеков С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен кәсіптік бағдар көрмесінің аяқталғанын жеткізді.
Бүгін Алматы қаласындағы Медеу ауданы мен Бостандық ауданы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Келешек мамандығын таңда!» атты кәсіби бағдар көрмесіне факультеттердің профессор-оқытушыларымен бірге, Әскери кафедраның қызметкерлері – Қайрат Серікбаев, Берік Битиков, Қанат Тұрлынов, Ерлан Қуатбаев қатысты.
Кәсіби бағдар беру іс-шаралары одан ары жалғасады.
KazNARU баспасөз қызметі