KazNARU-да «CAREER START 2027» БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ БАСТАЛДЫ
20 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Жаңа мүмкіндіктерге бір қадам!» ұранымен студенттер мен түлектерді жұмыс берушілермен байланыстыратын кәсіби кездесулердің алғашқы кезеңі өтті. 4 желтоқсанға дейін жалғасатын бастама жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Алғашқы іс-шара «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінде ұйымдастырылды. Жиында университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Гүлмира Алпысбаева сөз сөйлеп, білікті мамандар даярлауда өндіріс орындарымен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар университетпен серіктестік орнатып, жас мамандарды қолдауға үлес қосып жүрген жұмыс берушілерге алғыс хат табыстады.
Жәрмеңкені факультет деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Дани Сарсекова ашып, студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіру, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделу мәселелеріне тоқталды.
Іс-шараға «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК, «Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ, «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК-ның Оңтүстік-Шығыс өңірлік филиалы, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі РМҚК, «Алматы хайуанаттар бағы» КМҚК, «Королевский садовник» ЖШС, «GREEN ECO» ЖШС, Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының Алматы филиалы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жұмыс берушілер бос жұмыс орындары, өндірістік тәжірибе, тағылымдама және мансаптық даму мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК өкілі Санат Баймұханбетов пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының бас маманы Бекзат Рсымбетов студенттермен пікір алмасты. Білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, болашақ еңбек жолына қатысты кеңестер алды.
Жәрмеңкені ұйымдастыруға факультет деканы Дани Сарсекова, оның орынбасарлары Адина Сламбаева мен Дархан Әкімжанов, сондай-ақ университеттің Практика және жұмысқа орналастыру бөлімі атсалысты. «Career Start 2027» аясындағы кездесулер алдағы күндері өзге факультеттерде жалғасып, білім алушыларға әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.