2027 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫ ГРАНТТЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КОНКУРСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті 2027 жылға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсын жариялады. Конкурс жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу бастамаларын қолдауға бағытталған. Жобаларды іске асыру мерзімі – 36 ай.
Ғылымды дамытудың басым бағыттары:
-
Климаттық орнықтылық, су қауіпсіздігі, табиғи ресурстар, АӨК-нің тұрақты дамуы;
-
Технологиялық егемендік және өнеркәсіптік бәсекеге қабілеттілік;
-
Денсаулық, адами даму және өмір сүру сапасы;
-
Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және аумақтар мен өмірлік маңызды инфрақұрылымның орнықтылығы;
-
Іргелі зерттеулер, ғылыми қор және ғылыми әлеует.
Ғылыми жетекшілерге қойылатын негізгі талаптар:
-
Резиденттік мәртебесі: Қазақстан Республикасының резиденті болуы тиіс.
-
Жасы: өтінім берген сәтте жетекшінің және зерттеу тобының жасы 44 жастан аспауы тиіс (44 жас қоса алғанда).
-
Ғылыми дәрежесі: философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы дәрежесінің болуы міндетті. Ғылыми-зерттеу немесе ғылыми-педагогикалық тәжірибесі жоба бағытына сәйкес келуі қажет.
-
Ғылыми жарияланымдары: 2022–2026 жылдар аралығында ұсынылатын жоба бағыты бойынша конкурстық құжаттамадағы талаптарға сәйкес ғылыми жарияланымдарының болуы тиіс.
Қатысу шарттары мен біліктілік талаптары конкурстық құжаттамада толық көрсетілген.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 13 қазаннан 11 қарашаға дейін (қоса алғанда).
Конкурстық өтінімдер «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде беріледі және белгіленген тәртіппен электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталады.