«Екі дипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу» воркшопы өтті
2026 жылғы 19–20 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында «Екі дипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу» тақырыбында стратегиялық воркшоп ұйымдастырылды.
Іс-шара университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, білім беру сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталды. Воркшопқа факультет декандары, академиялық комитет мүшелері, кафедра меңгерушілері мен білім беру бағдарламаларының жетекшілері қатысты. Сондай-ақ, жиынға филиал директоры Бердышев Абдурахим Сулейманович қатысып, арнайы марапатқа ие болды.
Воркшоп барысында:
• екі дипломдық бағдарламалардың академиялық моделі қалыптастырылды;
• шетелдік серіктес ЖОО-лармен оқу жоспарларын үйлестіру тетіктері талқыланды;
• бірлескен білім беру бағдарламаларын жобалау мәселелері қарастырылды;
• академиялық тәуекелдерді басқару жолдары айқындалды;
• бағдарламаларды институционализациялау бағыттары пысықталды.
Бағдарлама аясында халықаралық тәжірибе, стратегиялық әріптестік, оқу жоспарларын салыстыру, кредиттерді қайта есепке алу, 2+2, 1+1, 3+1 оқыту модельдері және нормативтік сүйемелдеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Воркшоп нәтижесінде екі дипломдық бағдарламаларды іске асыру тетіктерін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Іс-шара университеттің халықаралық серіктестігін нығайтып, білім беру сапасын арттыруға серпін берді.



