Кураторлық сағат: «Халықаралық студенттер күні»
Студенттік кезең – адамның өміріндегі ең қымбат та ерекше шақ. Білім мен ғылым айдынына жол ашатын, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін, жүректе естен кетпес естеліктер қалдыратын бағалы уақыт.
Осындай жарқын студенттік өмірді Алматы қаласының қақ төрінде орналасқан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткізу бақыты МШ-25-01К тобының студенттеріне бұйырған.
2025 жылғы 17 қарашада «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының аға оқытушысы Ғабит Гүлзат Ғабитқызы Халықаралық студенттер күніне арналған кураторлық сағат өткізді.
Іс-шара барысында студенттерге мінез ерекшеліктеріне сай әзірленген арнайы сертификаттарды кафедра меңгерушісі, профессор Құлатаев Бейбіт Тұрғанбекұлы табыстады.
Кураторлық сағаттың ең әсерлі сәттерінің бірі – ата-аналарының тосын сый ретінде жолдаған құттықтау видеолары болды. Бұл роликтер студенттердің жүрегін елжіретіп, ерекше эмоциялық көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара соңында студенттер тәтті тортпен шай ішіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Студенттік шақтарыңыз жарқын естеліктерге, қызықты сәттерге толы болсын, МШ-25-01К тобы!


.jpeg)