«Қаптама материалдарының заманауи түрлері мен инновациялық шешімдері» атты ашық сабақ
2025 жылдың 4 қарашасында «Ветеринария және зооинженерия» факультеті, «Зооинженерия және биотехнология» кафедрасының аға оқытушысы Валиева Гүлім Азатқызы «Биотехнология» білім беру бағдарламасы бойынша БТ-22-04К тобына арналған «Ыдыс пен қаптаманы дайындауға арналған негізгі материалдар: көпқабатты полимерлі және аралас» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Қаптама бұл өндірістің бірегей саласы, өйткені ол өнеркәсіптің барлық түрлерін біріктіреді. Қазіргі заманда қаптама тек өнімді сақтауға және тасымалдауға арналған құрал ғана емес, сонымен қатар маркетинг пен брендтің маңызды бөлігіне айналды. Қаптама тұтынушының алғашқы назарын аудартады, тауардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өнім туралы ақпарат береді және өндірушінің имиджін қалыптастырады.
Бүгінгі таңда экологиялық талаптардың артуына байланысты қаптама жасау саласында биологиялық ыдырайтын, қайта өңделетін және көп рет пайдалануға болатын материалдарға сұраныс өсіп келеді. Сонымен қатар инновациялық шешімдер — интеллектуалды (ақылды) қаптамалар, QR және штрих-кодтар, өнімнің шығу тегі мен сапасын бақылауға мүмкіндік беретін технологиялар кеңінен қолданыс табуда.
Сондықтан қаптаманың рөлі тек қорғау мен сақтау ғана емес, сонымен қатар ақпарат беру, жарнамалау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және тұтынушымен тиімді байланыс орнату болып табылады.
Сабақ барысында оқытушы студенттерге қаптама өндірісінде қолданылатын көпқабатты полимерлі және аралас материалдардың түрлері, олардың қасиеттері мен қолдану салалары жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Көпқабатты материалдарды алу технологиясы мен әдістеріне тоқталып түсініктеме берілді.
- Коэкструзия (бірмезгілде экструзиялау) – бірнеше полимер қабаттары бір уақытта біріктіріліп шығарылады.
- Ламинация – дайын қабаттар желім арқылы немесе термиялық әсермен біріктіріледі.
- Экструзиялық жабысу әдісі – бір қабат екіншісіне балқыған күйінде жабыстырылады.
Оқу процесінде заманауи оқыту әдістері мен интерактивті тәсілдер қолданылып, студенттердің қызығушылығы мен белсенділігі артты.
Студенттер үш топқа бөлініп, «Металл», «Полимер», және «Шыны қаптама» командалары ретінде өзара жарысты. Әр топ өз материалы бойынша жасалу технологиясын, қасиеттерін және қолдану салаларын бейнематериал түрінде таныстырды. Тақырып жан-жақты талқыланып, қатысушылар сұрақтарға жауап берді.
Сабақ соңында интерактивті тақтада «Kahoot» ойыны ойнатылып, білімдерін бекіту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар студенттер өз қолдарымен QR-коды, штрих-коды, құрамы мен дизайны бар «Fresh Day» смузи қаптамасын әзірледі.
Ашық сабақ жоғары деңгейде ұйымдастырылып, «Зооинженерия және биотехнология» кафедра әріптестері мен БТ-22-04К топ студенттер тарапынан оң пікірлерге ие болды.


.jpeg)
.jpeg)