KAZNARU МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ МЕКТЕПТЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙДЫ
2025 жылдың 16 қазанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының қауымдастырылған профессорлары К.А. Мырзабек пен А.С. Досжанова Жамбыл облысы, Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, кәсіби бағдар беру іс-шараларын өткізді.
Кездесу барысында профессор-оқытушы құрамы №5 жалпы орта білім беретін мектебі мен №16 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының бітіруші түлектерімен жүздесіп, университеттің білім беру бағдарламалары, заманауи зертханалық мүмкіндіктері мен аграрлық саланың болашағы туралы кеңінен ақпарат берді. Оқушылар аграрлық бағыттағы мамандықтарға, ауыл шаруашылығындағы инновациялар мен ғылымдағы жаңа жетістіктерге ерекше қызығушылық танытты. Кездесу ашық пікір алмасу және кәсіби бағытты дұрыс таңдауға жол сілтеу алаңына айналды.
Сондай-ақ іс-шара аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Меркі ауданының №5 жалпы орта білім беретін мектебі және №16 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі тарап арасындағы білім мен ғылым саласындағы серіктестікті нығайтып, бітіруші түлектердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Іс-шараның басты мақсаты — мектеп түлектерінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу, аграрлық саланың маңыздылығын дәріптеу және жас ұрпақтың болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстыру болды.
KazNARU Баспасөз қызметі