KazNARU профессорлары Жамбыл облысында кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті “Агрономия, селекция және биотехнология” кафедрасының профессорлары — Жұматаев Марат Ермекбайұлы мен Құланбай Қаламқас Жаңабекқызы, сондай-ақ “Микробиология, вирусология және иммунология” кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Жылқайдар Арман Жетпісбайұлы Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан жоғары агро-техникалық колледжінде кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді.
Іс-шараның мақсаты — колледждің 267 бітіруші түлегіне ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары білімнің артықшылықтары мен аграрлық ғылымның заманауи бағыттарын таныстыру болды.
Кездесу барысында профессорлар студенттерге KazNARU университетінің оқу бағдарламалары, халықаралық серіктестік мүмкіндіктері, тәжірибелік сабақтар мен ғылыми-зерттеу бағыттары туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ, биотехнология, селекция және микробиология салаларындағы жаңа ғылыми жетістіктер жайында мағыналы әңгіме өрбіді.
Түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, аграрлық саладағы мансаптық мүмкіндіктер туралы кеңес алды. Кездесу соңында көптеген студенттер Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде оқуын жалғастыруға ниет білдірді.
Айта кету керек, Құлан жоғары агро-техникалық колледжінің түлектері “Өсімдік шаруашылығы” білім беру бағдарламасы бойынша қысқартылған мерзімде қабылдануы үшін оқу бағдарламаларын сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл түлектерге жоғары білім алу жолын жеделдетіп, кәсіби дамуға мүмкіндік беретін маңызды бастама болып табылады.
Мұндай кәсіби бағдар беру іс-шаралары — жас ұрпақтың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға және еліміздің агроөнеркәсіптік саласын білікті кадрлармен толықтыруға бағытталған маңызды қадам.
KazNARU Баспасөз қызметі