KazNARU

ВЕТЕРИНАРИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР АСАНОВ НЫҒМЕТУЛЛА ҒАТАУҰЛЫ 80 ЖАСТА

Осы мерейтой аясында, 2023 жылғы 07 желтоқсанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Ветеринария» факультетінің профессоры Асанов Нығметулла Ғатауұлы атындағы «Молекулярлық вирусология және вирусқа қарсы биотехнология» оқу - ғылыми зертханасы ашылды.

✅ Зертхананың мақсаты – вирустық инфекциялық ауруларды диагностикалау жүйесін ғылыми негіздеу және жетілдіру, биологиялық препараттарды әзірлеу, оларды диагностикалық және емдеу-профилактикалық ветеринариялық биологиялық препараттарды өндіру үшін пайдаланылатын отандық шаруашылықтарға енгізу, ҚазҰАЗУ магистранттарының, PhD докторанттардың және ғылыми қызметкерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына практикалық қолдау көрсету.

✅ Жаңа зертхананың лентасын салтанатты түрде қиған ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов Нығметулла Ғатауұлының Қазақстан мен ТМД елдеріне танымал көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, 60 жылға жуық білім мен ғылым саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан білікті маман екенін атап өтті.

1966 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ветеринария факультетін үздік бітіріп, Лениндік стипендия иегері атанған, «Эпизоотолгия» кафедрасында аспирантурада оқыған ғалымның бүгінде 260-тан астам ғылыми, әдістемелік еңбектері жарық көрген. Оның ішінде 8 оқулық, 16 оқу құралы, 1 монография, 2 электронды оқулық 11 патенттік еңбектер бар.

✅ «Нығметулла Ғатауұлының ҚР БжҒМ грифімен баспадан шыққан мемлекеттік және орыс тіліндегі жалпы білім беретін мектептің 10 және 11 сыныптарына арналған «Биология» оқулығы; ветеринария мамандығының колледжіне арналған «Эпизоотология» оқулығы; ветеринария мамандығының жоғары оқу орындарына арналған «Індеттану және микробиология негіздері» оқулықтары алтын қорымызға қосылған рухани байлықтар», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы өз сөзінде.

✅ Сонымен қатар, Асанов Н.Ғ. республикалық дәрежедегі екі бағдарлама бойынша «Ауылшаруашылық жануарлардың өсімдіктердің және микроорганизмдердің генофондын сақтау және пайдалану», «Микроорганизмдердің метоболиттерін пайдалану және биосинтездің ғылыми негізін жасау» тақырыптарының аясында төрт жобаға жетекшілік жасап, тікелей орындаушысы атанды. Әлі де зерттеу жұмыстарынан қол үзген емес.

✅ Зертхананың ашылу салтанатын ҚазҰАЗУ «Ветеринария» факультетінің деканы, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлмира Алпысбаева ашып, жүргізіп отырды.

✅ Салтанатты жиынға «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС директоры Мархабат Қасенов, Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Өтеген Ығылманов, ҚазҰАЗУ Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Абылай Сансызбай және басқа университеттің танымал ғалымдары мен әріптестері қатысты.

Олар өз естеліктерінде ұстаз ғалымның басшылығымен көптеген докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалғанын, заманауи PhD докторлар дайындағанын, қазірдің өзінде 3 PhD доктаранттың жұмысына жетекшілік жасап жүргенін, әрі білікті тәлімгер ретінде оқытушылар мен студенттер арасында үлкен беделге ие тұлға екенін мақтанышпен ортаға салды.

✅ Жаңа зертханаға есімі берілген ардагер ғалымға университет басшылығы атынан Пірімқұл Ибрагимов иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.