ЖАС ҒАЛЫМДАР КӨШБАСШЫСЫ ҚАЙСАР ТАБЫНОВ - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2637 Статистика

ЖАС ҒАЛЫМДАР КӨШБАСШЫСЫ ҚАЙСАР ТАБЫНОВ

#30_жас_үздік_ғалым  

Қазір бүкіл планетаны жайлаған Сovid-19 індетін жеңуді мақсат тұтқан әлемнің жетекші ғалымдары індетке қарсы вакцинаны әзірлеуге барынша атсалысуда. Солардың бірі, біздің ҚазҰАЗУ-дың жас профессор, ғалымы – Қайсар Табынов. Ол жануарларға, құстарға және адамдарға арналған вакциналардың әр түрлі буындарын әзірлеуге, зерттеуге және өндіріске енгізуге маманданған қазақстандық жетекші ғалымдардың бірі атанып отыр.

Қайсар ҚазҰАЗУ халықаралық вакцинология орталығының директоры, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «Қазақстанның 100 жаңа eciмi-2021» жалпыұлттық байқауының «Ғылым және инновация» номинациясының жеңімпазы. Ол өз командасымен бірге соңғы 15 жыл ішінде жоғары патогенді құс тұмауы, жылқы тұмауы, ірі және ұсақ қара мал бруцеллезі сияқты қауіпті инфекцияларға қарсы 7 ветеринариялық, сондай-ақ адамның маусымдық тұмауы және басқа 3 медициналық вакцинасын ойлап тапты. Бұл әзірлемелердің 60%-ы қазірдің өзінде өндіріске сәтті енгізілді. Бұл әзірлемелер елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда. Сонымен бірге импортты алмастыру бағдарламасы тиімді жүзеге асырылды. 2008 жылдан бастап 2,0 миллиард теңгеден астам қаражатқа 50 миллион дозадан астам құс тұмауына қарсы вакцина өндірілді. Дәл осы вакцина тақырыбында Қайсар 2010 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
 


Оның әзірлемелері арасында әлемде теңдесі жоқ, тұмау вирустық векторларына негізделген ірі қара малдың бруцеллезіне қарсы вакцина ерекше орын алады. Соңғы 6 жыл ішінде бұл вакцина жан-жақты сынақтан өтті, ең бастысы өндіріске енгізілді, қазір іс жүзінде қолданылып жатыр.

Қазіргі уақытта ол COVID-19 және аллергия секілді ғаламдық проблемалар бойынша зерттеулер жүргізуде. Оның ғылыми тобы ДДСҰ кандидаттар тізіміне енгізілген екі COVID-19 вакцинасын (суббірлік инъекциясы және интраназальды нановакцина), сондай-ақ аллергиялық ринит пен бронх демікпесін емдеуге арналған вакцина жасап шығарады. Осы вакциналарды жасау кезінде қол жеткізген табыстары үшін ол көптеген танымал республикалық сыйлықтармен марапатталды (Жастар-2011; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры-2012; Дарын-2014; Көшбасшы Ғылым-2016 және 2017; Scopus Prize Kazakhstan-2019) және мемлекеттік ғылыми стипендиялар (дарынды жас ғалымдар үшін ҚР БҒМ-2013; ҚР БҒМ-ның көрнекті ғалымдары үшін). 2018 жылы ҚР БҒМ ККСОН шешімімен 36 жасында Қайсар Табыновқа профессор ғылыми атағы берілді.
 

Web of Science (WoS) мәліметтер базасындағы Қайсар Табыновтың дәйексөз индексі (H-индексі) 9. Ол Scopus-та индекстелген журналдарда 30 мақала және WoS-те 27 мақала, 2 халықаралық, 2 еуразиялық және 23 ұлттық патент және 1 монография жариялаған.

Жанымызда Қайсар сынды озық ойлы, талантты жастар бар кезде біз университетімізді дамыту жөнінде алға қойған барлық ғылыми жобаларды жүзеге асыра алатынымызға сенімдіміз.


ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.
Фото: М.Ботабеков.

 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты