ЖАС ҒАЛЫМДАР ФОРУМЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖАСТАРДЫҢ ПІКІР АЛМАСУ АЛАҢЫ - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2626 Статистика

ЖАС ҒАЛЫМДАР ФОРУМЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ЖАСТАРДЫҢ ПІКІР АЛМАСУ АЛАҢЫ

Бүгін Алматыда «Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл» атты Халықаралық жас ғалымдар форумының салтанатты ашылуы өтті. Ірі ғылыми шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес ұйымдастырды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған форумды өткізуге Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Дариға Назарбаева.
 

Ғылыми форумының мақсаты – 14 елден: Қазақстан, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Канада, Қытай, Латвия, Португалия, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Украина, Франциядан келген қонақтардың қатысуымен отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатнда ғалымдар, саясаткерлер, сала көшбасшылары, азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерінің басын біріктіру.

Форумда еліміздегі жетекші ЖОО болып табылатын  Қазақ ұлттық аграрлық зерттеулер университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов жиын бағдарламасына сәйкес: «Қазақстандағы жас ғалымдардың рөлі» атты баяндама жасап, бүгінгі уақытың тынысын білдіретін деректер мен фактілерді ортаға салды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының еліміздегі ғылым мен білім беру саласында жүргізіп отырған саясатының басты нәтижелерінің бірі жас ғалымдардың өсіп шыққан тұтас буыны болып табылады. «Жастар жылының» ашылу салтанатында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген бүгінгі жас ұрпақ – біздің болашаққа деген үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп атап өткені белгілі. Қашанда жас ғалымдарға мемлекеттің дамуын жеделдетуге үлкен үміт артылған.

Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындайтын 22 мыңнан астам қызметкерлердің ішінде жас ғалымдардың үлесі 34%. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижесі бойынша «Scopus» мәліметтер қорындағы индекстелген журналдардағы ғылыми жарияланымдар саны 34 есе, ал «Web of Science» - 59 есеге артты. Авторлар саны үш есе өсті.

Өткен жылы Мемлекет басшысы «Жас ғалым» жобасы аясында отандық ғалымдарға шетелдік ғылыми орталықтарда ғылыми зерттеулер мен тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант бөлу туралы бастама көтерді. Елдің Тұңғыш Президенті-Елбасы «Болашақ» бағдарламасын құру туралы шешімді дер кезінде қабылдағанын уақыттың өзі дәлелдеді. Осы бағдарлама бойынша 14 269 стипендия тағайындалды.

Қазақстандағы жас ғалымдардың зерттеулеріне гранттық қаржыландыру 3 млрд. теңгеге өсті. Биыл аграрлық ғылымға мемлекет бюджетінен 15 млрд. астам теңге бөлінді. 2018-2020 жылдарға ауыл шаруашылығы ғалымдары 36 ғылыми бағдарламаны іске асыру бойынша 1050 нәтиже алынды.

Елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында ауыл шаруашылығы министрлігі жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне гранттық қаржыландыруды қарастырған. 2022-2023 жылдарға 200 грант, 2024-2025 жылдарға әрқайсысы 30 млн. теңгеден 2 жыл мерзімге тағы 200 грант бөлінеді. Шығармашылық ғылыми топтың 70-80%-ы  35 жасқа дейінгі жас ғалымдар болуы керек. Мұндай мақсатты жұмыс 2025 жылға қарай аграрлық ғылымның экономикалық тиімділігін 40%-ға дейін және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін 75%-ға дейін арттырады деп күтілуде.

2020 жылдың 23 қазанында жоғары оқу орны ұлттық зерттеу университеті мәртебесін алды. Тек соңғы жылдары ғана университетіміздің оқытушылары қатарына дамыған шет елдерде білім алған 200-ден астам жас ғалымдар қосылды. Кафедра меңгерушілерінің, құрылымдық бөлімшелердің басшыларының 57%-ы жас PhD ғалымдар. Бес жас ғалым  мемлекеттік жас ғалымдарға арналған ғылыми стипендияның иегері, екеуі-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының ғылым саласындағы сыйақының лауреаттары, біреуі -Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жас ғалымдары байқауының, үшеуі – «Болашақ» стипендиясының жеңімпазы. Болашақ ғалымдардың жас ұрпағы өсіп келеді. Биыл 3 студент Нұрсұлтан Назарбаев қорының студенттік стипендиясын алды. Жас ғалымдар кеңесі Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының «Үздік жас ғалымдарының кеңесі» атанды.

2018 жылдан бастап университет Тұңғыш Президент-Елбасы Қорының демеушілігімен өтетін Халықаралық жас ғалымдар форумының бірлескен ұйымдастырушысы болып табылады. Біздің жас ғалымдар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мамандандырылған секциясын басқарады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 ғылыми жоба», «30 үздік жас ғалым», «30 үздік стартап-жоба» және т.б. жобалар іске қосылды. Бұл жас зерттеушілер мектебінің тиімділігін дәлелдейді.

Бірінші Халықаралық жас ғалымдар форумы Тәуелсіз Қазақстанның жас ғалымдары үшін интеллектуалдық әлеуеттің алаңына айналатынына жиынға қатысушылар сенімді екендіктерін білдірді.
Жас ғалымдар ғылыми жобалар көрмесінде өз идеяларын ұсынады, сондай-ақ "Жасыл әлем" және "Тұлға мен қоғам" ғылыми сессияларында аталған әр саланы дамыту бойынша бастамалары мен ұсыныстарын ортаға салады. Үш күн ішінде форум алаңдарында ғылым мен кәсіпкерлік коллаборациясы бойынша ашық дәрістер, ғылымды танымал етушілердің ғылыми-танымал воркшоптары, ғылыми жетістіктер көрмесі және еліміздің жас ғалымдарының шоу-кейстері, ғылымның тұрақты дамуы бойынша дөңгелек үстелдер және жасанды интеллект пен медицинадағы Big Data бойынша конференция өтеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, ғылыми Форум екі форматта өтуде: Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматы қаласындағы Өкілдігінде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып офлайн түрде және онлайн – трансляциямен тікелей эфирде scienceforum.kz. көрсетілуде.
 
 
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты