ЖАНАТ БИМЕНОВА БАҒЫНДЫРҒАН ҒЫЛЫМДАҒЫ БИІКТЕР - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2639 Статистика

ЖАНАТ БИМЕНОВА БАҒЫНДЫРҒАН ҒЫЛЫМДАҒЫ БИІКТЕР

#30_үздік_жас_ғалым  
  
Ілгеріде айтып өткенімдей, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жас ғалымдарымыз инновациялық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысуда. Олар кафедра үшін де, жалпы университет үшін де аса пайдалы әртүрлі ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға және түрлі байқауларды өткізуге үнемі қатысады. Сондай жас таланттардың бірі – «Акушерлік, хирургия және өсіп-өну  биотехнологиясы» кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторант Жанат Бименова.

Университеттегі ғылыми қызметінде Жанат өзін жақсы қырынан таныта білді. Жемісті еңбегінің нәтижесінде 2021 жылы «Ірі қара малында жасырын генетикалық мутацияларды балау әдістерін ойлап табу және тұқым қуалайтын кемтарлықтарды жою үрдісін басқару» тақырыбында, AP09057988, жалпы қаржыландыру көлемі  54 млн тг., орындау мерзімі 2021-2023 жж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алды.

Бүгінгі таңда бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес ғылыми жоба орындаушылары ДНҚ бөлу үшін биологиялық материалдар жинауды аяқтады. Алынған ДНҚ-ның сапасы анықталды және Алматы, Қызылорда облыстарында асыл тұқымды шаруашылықтарына қарасты 800 бас голштеин тұқымдас сиырлары ұрықтандырғыш гаплотиптері бойынша генотиптеу жұмыстары жүргізілуде.
 

Зерттеудің алдын ала нәтижелері бойынша тәжірибе тобындағы сиырлардан қан үлгілерінен ДНҚ бөліп алу, оның сапасын анықтау жұмыстары кафедра зертханасында, ал ДНҚ үлгілерін генотиптеу жұмыстары Қазақ-Жапон инновациялық орталығына қарасты «Жасыл биотехнология және торшалық инженерия» зертханасында жүргізілуде. Голштеин тұқымдас ірі қара малында генетикалық кемтарлықтардың кең таралғаны мәлім, сондықтан ұрықтандырғыш гаплотиптеріне мониторинг жүргізу ҚазҰАЗУ ғалымдары үшін өзекті мәселе.

Алғаш рет осы жобаны орындау барысында «Асыл Түлік» АҚ мекемесінің 149 бас бұқаның,  «Таурис» ЖШС 37 бас бұқаның және «Асыл» ЖШС 8 бас бұқаның  тұқым үлгілері алынды.
Соңғы  2020-2021 оқу жылында  PhD доктор Жанат Бименова ҚР БжҒ министрлігінің конкурстарына қатысу үшін «ДНҚ маркерлерді қолдану негізінде сиырлардың жыныстық қызметін болжау» атты тақырыпқа жоба дайындап, шет ел эксперттерінен 19,0 балл көрсеткішке ие болды. 

Жанат зерттеу жұмыстарының нәтижесінде түрлі халықаралық ғылыми конференцияларда жүлделі орын алды (2016 жылы Санкт-Петербург ветеринарлық медицина академиясында, 2017 жылы Алтай мемлекеттік аграрлық университетінде, 2017 жылы Берн қаласында). Ол студенттерге арналған «Ветеринариядағы молекулалық-генетикалық диагностика әдістері» атты оқулықтың авторы болып табылады.

Бүгінде «Акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы» кафедрасында биохимиялық анализатор, термошейкер және вошер, ИФТ анализаторы, амплификатор, көлденең электрофорезге арналған камера, электроэякулятор, ооциттер мен эмбриондарды культивациялауға арналған СО2 инкубаторы бар жақсы жабдықталған зертхана бар екенін атай кеткен жөн.

Ауыл шаруашылығы кешеніндегі қожалықтарға көмек көрсету университет ғалымдарының қызметінің ажырамас бөлігі болып табылатындықтан, нақты көмек көрсету мақсатында биохимиялық, молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізіле беретін болады.
 

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.
Фото: М.Ботабеков.

 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты