СУ ХАБЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫМЕН ПЕРСПЕКТИВАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ КӨКЖИЕКТЕРІ - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2627 Статистика

СУ ХАБЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫМЕН ПЕРСПЕКТИВАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ КӨКЖИЕКТЕРІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің "Су ресурстары және мелиорация" кафедрасының ғалымдары және докторанттары Аралды құтқарудың Халықаралық қорының Қазақстан Республикасындағы Атқару Дирекциясының басшылығымен кездесу өткізді. Қазақстандағы ХАҚҚ АД делегациясын оның директоры – география ғылымдарының кандидаты Болат Бекнияз басқарып келді. Сондай-ақ, ҚР ХАҚҚ АД директорының орынбасары Марат Нарбаев, «Су ресурстары» департаментының жетекшісі Әмірхан Кеншимов, «Экология» департаментының жетекшісі Абай Жабасов және бас маманы Мария Заднепровская қатысты.

Анықтама үшін. ХАҚҚ 1993 жылғы 4 қаңтардағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының шешімімен 20-ғасырдағы ең ірі апаттардың бірі-Арал апатының ықпалына түскен аудандарды экологиялық сауықтыруға бағытталған экологиялық және ғылыми- практикалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу және қаржыландыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу мақсатында құрылды.

ҚР ХАҚҚ дирекциясының негізгі міндеттері – Орталық Азия мемлекеттері басшылары Кеңесінің, ХАҚҚ қоры Президентінің, басқармасы мен атқару комитетінің Арал теңізі бассейнінің Қазақстандық бөлігіне қатысты проблемалары жөніндегі шешімдерін іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз ету, Арал теңізі бассейнінің жобалары мен бағдарламаларын іске асыру және мониторинг жасау болып табылады және Арал теңізі бассейнін оңалту жөніндегі бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыруға донор елдердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың қаражатын тарту, Республиканың директивалық органдары, ҚР ХАҚҚ Басқарма мүшелері мен ХАҚҚ Атқарушы комитеті үшін ақпараттық материалдар дайындау.
 


ҚР ХАҚҚ АД қызметінің негізгі бағыттарына мыналар жатады: халықаралық ынтымақтастық және инвестициялар тарту; экология және туризм; су ресурстары және суды пайдалану; әлеуметтік-экономикалық бағыт; сараптамалық, ғылыми-зерттеу жұмысы және жобаларды іске асыру; ұйымдық-құқықтық құрылымды жақсарту.

Ұйым алдында тұрған міндеттердің кең спектріне мыналар кіреді: қолда бар су ресурстарын ұлғайту; су үнемдеудегі жаңа технологиялар; Арал теңізінің құрғаған түбіндегі орман екпелерді өсіру және отырғызу технологиялары; бақша және көкөніс өнімдерін қайта өңдеу; біліктілікті арттыру орталығын құру; студенттер мен магистранттарға арналған жазғы мектеп ұйымдастыру.
 

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі "Су хабы" ХЗО басшысы Анатолий Рябцевтің және "Су мәселелері және жерді мелиорациялау" ҒЗИ директоры Есенкүл Қалыбекованың кіріспе сөздерінен кейін қатысушыларға Болат Бекнияздың үш аса мазмұнды презентациялары ұсынылды. Олар: «Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы Дирекциясының қызметінің 2017-2020 жылдарға арналған есебі», «Құрғатылған Арал теңізі түбінің жасыл жамылғысын жасау жөніндегі ұсыныстар» және «Арал теңізінің жасыл белдеуін құру жөніндегі іс-әрекеттердің 2021-2027 жылдарға арналған жоспары". Сондай-ақ білім беру қызметінде де, ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі екі ұйымның ынтымақтастығы үшін қызықты ұсыныстар айтылды.

Айта кетсек, ҚР ХАҚҚ ДҚ "Су ресурстары" департаментінің басшысы Ә.Кеншимов елдің су шаруашылығы саласындағы инженерлік кадрларды даярлаудағы проблемалар туралы хабарлама жасап, оларды шешудің ықтимал жолдарын ұсынды. Сөз соңында ол университеттің "Су ресурстары және мелиорация" кафедрасының меңгерушісі Е.Жапарқұловаға аграрлық саланың түрлі бағыттары бойынша білім берудің 20 кәсіби стандартын табыстады.

Сондай-ақ кездесуге Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Арал мәселелеріне мүдделі тұлғалары, ҒЗИ директорлары – Абулхаир Мәмбетов, Асан Байболов, "Жерге орналастыру және кадастр" кафедрасының доценті Эльмира Мурсалимова, "Өсімдік қорғау" кафедрасының доценті Бекқали Жумагельдинов қатысты. Жасалған баяндамалар мен сөз сөйлеулерден кейін Аралдың ерекше мәселелері, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару Қоры мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің "Су хабы" Халықаралық зерттеу орталығының дербес деректерінің өзара тиімді ынтымақтастығының мүмкіндіктері бойынша мәселелер белсенді талқыланды.

ҚР ХАҚҚ АД ұйымдастырған жазғы мектептерінде біздің университетіміздің Қызылорда облысынан оқуға келген бакалавриат және магистратура шәкірттерін жіберу қажет екендігін кездесуге қатысушылардың барлығы бірауыздан қолдады, себебі олар ЖОО-ны бітіргеннен кейін Арал өңірінің су секторын дамытуға өз үлестерін қосуы мүмкін.

Тараптар бірлескен жұмысқа қызығушылық танытып, бір айдан кейін осындай құрамда қайта кездесуге және Арал өңірін жаңғырту жөніндегі экологиялық, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге біздің ғалымдарымызды, магистранттарымызды және докторанттарымызды тарту жөніндегі нақты мақсаттар мен міндеттерді қоса отырып, Меморандумға қол қоюға шешім қабылдады.
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты