СТУДЕНТТЕР ВАКЦИНАЦИЯЛАУДЫ ҚОЛДАУДА - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2624 Статистика

СТУДЕНТТЕР ВАКЦИНАЦИЯЛАУДЫ ҚОЛДАУДА

2021-2022 оқу жылында барлық меншік нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарында штаттық форматта оқу басталғалы бір апта уақыт өтті. Осы аралықта Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенттеріне әлемді жайлаған вирусқа қарсы күрестің ең тиімді жолы – вакцина алу екендігі түсіндіріліп, тиісті іс-шаралар өткізілуде.

ҚР Бас санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 28 тамыздағы қаулысының талаптарында көзделген санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды қатаң сақтай отырып, білім беру жүйесінде сақтық шараларын ұйымдастыру жүктелгенін жақсы білеміз. Онда педагогтар мен қызметтік контингеттің вакциналануын қамтамасы ету; жатақхана, оқу корпустары, тамақтану пункттері, кітапханалар және барлық жерде Ashyq қосымшаларын енгізу; 18 және одан жоғары жастағы білім алатын келушілерді QR-код (check-in) бойынша тіркеу; маска режимін сақтау; рециркуляторлардың, санитайзерлердің, тері антисептиктерінің, дезинфекциялау құралдарының жеткілікті болуы тапсырылған. Бұл талаптардың барлығы жалпы елдің денсаулығын ойлаудан туған нақты іс-шаралар деп білеміз.
 

Осыған орай, ҚазҰАЗУ базасында жаңа келген студенттер үшін COVID-19 індетіне қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін біз «IT технологиялар, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенін механизациялау» факультетінің №6 оқу ғимаратында орналасқан вакцинациялау пунктіндегі вакцинациялау жұмысының барысымен таныстық. Медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша, студенттер екпенің  өзі қалаған 3 түрін ала алады. Атап айтқанда, ресейлік – Спутник V, қазақстандық – QazVac, қытайлық – Vero Cell екпелерін салғызу мүмкіндіктеріне ие. Студенттер вакцинаның бірінші компонеттін салдырғаннан уақыттан 21 күн өткеннен кейін, екінші компонентін дәл осы жерде салғыза алады. Вакцинаны толық алғаннан кейін, студенттің электрондық үкімет порталында вакцина паспорты қожетімді болады.

COVID-19-ға қарсы екпе алуға келгендердің бірі – «Агробиология» факультетінің «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығының 1-курс студенті Аружан Әли. Ол вакцина, ең алдымен, өз денсаулығын сақтау үшін қажеттігін айтады.

«Вакцина – өзіміздің қоғамда емін-еркін, қауіпсіз жүруіміз үшін керек, әрі оқуды жылдың аяғына дейін, офлайн форматта жалғастыруымыз үшін де маңызды. Біз достарымызбен бірге бұны түсініп, вакцина алып жатырмыз», – дейді Аружан.

Вакцинация – ұжымдық иммунитетке жетудің ең қауіпсіз жолы болып саналады. Сондықтан да, әрбір адам бұл өзінің және өзгенің денсаулығын сақтау үшін маңызды шара екенін түсінеді деп ойлаймыз.


ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.
Фото: М.Ботабеков.
             
 
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты