Студенттер дәстүрлі форматта оқуды бастады - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2617 Статистика

Студенттер дәстүрлі форматта оқуды бастады

Осы апта еліміздің студенттері үшін ең айтулы апталардың бірі. Себебі, олар көптен күткен дәстүрлі форматтағы оқу жүйесіне қайта оралуда. ЖОО-ларда білім алушылар үшін кезең-кезеңімен сабақ басталып кетті.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1-курстықтары үшін бұл апта – бағыт-бағдар беру апталығы, онда білім алушылар оқу орнымыздың оқыту жүйесі, тәртібі және жалпы құрылымымен танысатын болады.

Ал, жоғарғы курс студенттері үшін сабақ толығымен басталды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, білім алушылар дәріс сабақтарына онлайн, зертханалық-тәжірибе сабақтарына офлайн түрде қатысып жатыр. Оқу ғимараттары мен жатақханаларға кіру Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Аудиториядағы сабақтарда әлеуметтік ара-қашықтық сақталу үшін шахматтық тәртіпте бір партаға бір студент қана жайғасып білім алуда.

Студенттердің өзі оқу жылының дәстүрлі форматта басталғанына дән риза. Мәселен, «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің 2-курс студенті Аида Әуезханова жаңа оқу жылына сағынышты сезіммен келгендігін айтады.
 

«Біз өте қуаныштымыз. Офлайн оқуды сағына күттік. Міне, енді ол арманымыз да орындалуда. Ендігі кезекте осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жақсы білім алуға тырысамыз», – дейді Аида.  

Сондай-ақ, оқу жылының басындағы аса жауапкершілікті талап ететін жұмыс - білім алушыларды студенттік үйлерде жатын орынмен қамтамасыз ету. Өздеріңізге белгілі, 2019-2020 оқу жылынан бері орындардың бөлінуі және есепке алынуының ашықтығын қамтамасыз ететін «Электронды студенттер үйі» порталы жұмыс жасайды.  Білім алушылар университеттің ресми сайты https://www.kaznaru.edu.kz/page/campus/ арқылы үйден шықпай-ақ онлайн өтініш беру арқылы әлеуметтік жеңілдіктеріне сәйкес студенттік үйден орын алады. Оқу орнымызда студенттерге жатақхана беру және оларды орналастыру жұмыстары 20 тамыздан бастап қызу түрде жүргізіліп жатыр. Оның ішінде әлеуметтік жағынан қорғалатын (ата-анасыз қалған, толық емес отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі т.б.) студенттер бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.

Жатақханаларда барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған. Күн сайын барлық студенттің дене қызуы өлшенеді. Әр қабатқа санитайзерлер мен екі жылжымалы кварц шамынан қойылып, едендерде әлеуметтік ара қашықтық сақтауға арналған ескертпе қағаздар жабыстырылған. Бөлмелер күнделікті желдетіліп, ылғалды тазалау жұмыстары, есік тұтқалары, терезе алдылдары мен баспалдақтар жиі өңделеді. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық оқу корпустары мен студенттер үйлерінде бейнебақылау жүйелері орнатылған.

Қысқаша айтқанда, ҚазҰАЗУ студенттер үйлерінде студенттердің оқып, білімге дайындалуына, демалуына, шығармашылықпен айналысуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, эстетикалық талапқа сай жабдықталған демалу бөлмесі бар. Бұл жерде студенттер сабақтан тыс уақытта теледидар қарау, көркем әдеби кітаптар оқу, үстел ойындарын ойнау, әр түрлі мәдени іс-шаралар өткізу секілді мүмкіндіктерге ие. Сондай-ақ, білім алушы жастарға сабаққа әзірленетін және гигиена бөлмелері де қарастырылған, спортпен айналысуға мүмкіндік беретін құрылғылар қойылған.
Жаңа оқу жылы сәттіліктерге толы болсын!


ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.
Фото: Мамыржан Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты