Сөзден іске - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #1496 Статистика

Сөзден іске

Жуырда Қазақ ұлттық аграралық университетінің  ректоры, академик  Тілектес Исабайұлы Есполов бастаған ұжымның академик-ғалымдары, оқытушы-профессорлары, барлық факультеттің декандары  Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылындағы «Кәсіптік-техникалық» колледжде көшпелі семинар өткізіп қайтты.
 
 
 

Бұл семинарға ҚР Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Зағипа Яхянқызы Балиева, Алматы облыстық  «Атамекен» кәсіпкерлер  палатасының  директоры Нариман Бақтыбайұлы  Әбілшайықов, аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлы Ысқақ, Беларус техникаларының орталығы саналатын «МТЗ Қазақстан»  сауда үйі директорының орынбасары  Андрей Владимирович Писаренко, сондай-ақ, Алматы облыстық білім басқармасының, прокуратура, сот өкілдері,  ауылшаруашылығы мамандары, аудандық әкімшілік қызметкерлері, облыстық кәсіпкерлер, аудандық жеке шаруа қожалықтары, ауыл әкімдері және Қаракемер ауылынан шыққан  бизнесмендер қатысты.
 
 
 

Көшпелі семинарға модераторлық еткен Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Әбілқапасұлы семинарды ашып, алғашқы сөзді ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Исабайұлына берді.  Ректор семинарға келген көпшілікке алғыс білдіріп, басқосудың мақсатына тоқталды: «Бүгін еліміздің агроөнеркәсіп саласының алдында үлкен міндет тұр. Ол экспортқа бейімделген, бәскеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін жоғарылату және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылым, білім және өндіріс тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы тиіс. Біздің бұл іс-сапарымыздың негізгі мақсаты осы. Еңбекшіқазақ ауданының ауылшаруашылық кәсіпкерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасау, шешімін таппай отырған мәселелерді жан-жақты зерттеп, оны дамытудың бағыттары бойынша тәжірибелік көмек көрсету. Біз бұған дейін де бұл ауданға осындай шарамен келгенбіз, бірақ университет пен ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің өзара қарым-қатынасы толыққанды дамып кетті деуге болмайды. Оның объективті  және субъективті себептері бар. Бүгінгі отырыс сол мәселелердің түйінін шешіп, талдап, тиімділік жолдарын біздің ғалымдарымыз сіздерге жан-жақты көрсетіп берсе деп отырмыз. Сөзден іске көшетін уақыт келді деп ойлаймын» деген ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Қазақстандағы ауылшаруашылығы бойынша жалпы статистикаларды келтіріп, қордаланған проблемалар мен мол мүмкіндіктерді де  атап өтті. Мәселен, еліміздің астық өнімінен    әлем бойынша алдыңғы ондыққа кіретінін айтты. 2018 жылы республикамыз 22 млн. тонна астық өндіргенін келтіріп, май өндірудің 2,5 млн. гектарға, жем өндіру 4,5 млн. гектарға, қант қызылшасының 1,1 мың гектардан 17,5 мың гектарға, яғни, 16 есе өскенін мысал етті. Ал сүт өнімі 3 пайыға, ет өнімі 6 пайызға артқанын айтты.  Осылайша өз сөзін ауылшаруашылығының жалпы барысынан бастап, білімді ғылыми негізде берумен сабақтастырған ректор, универсиеттің әлемдегі ауылшаруашылығы саласында бірінші орында тұрған Нидерланды Корольдігің Вагенинген университетімен бірлескен бастамалар барысын таныстырды. Сондай-ақ, студенттердің білім мен парктиканы қатар алып жүрген жағдайда ғана мол нәтиженің болатындығын тілге тиек етіп, студенттердің практикасын жеті айға дейін созғандығын және осы «Кәсіптік-техникалық» колледжбен де келісімге келіп, колледж студенттерінің білімін университетте жалғастыру жөнінде өз ойын ортаға салды.
ҚР Мәжіліс депутаты Зағипа Яхянқызы өз сөзінде депутаттардың өңірлерде іс-сапарда жүргенін, жуырда өткен  Нұр-Отан партиясының ХVІІІ съезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы, баспанамен қамту және білім сапасын жетілдіру секілді  бағыттарды жолға қойып жұмыс жасау тапсырылғанын айта келіп, бүгінгі отырыс сол білім сапасын қамтитынын ҚазҰАУ мен «Кәсіптік-техникалық» колледж арасында меморандумға қол қойылатыны жөнінде пікір  білдірді.
 
 
 

Өз кезегінде Алматы облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Бақтыбайұлы ауылшаруашылығына берілетін қаржылай көмектер, несиелер жөнінде айтып берді. Ал мал шаруашылығының маманы, профессор Әбдірахман Омбаев «Мал шаруашылығының бүгіні мен болашағы» жөнінде жан-жақты баяндама жасаса, профессор Серік Барманқұлов Алматы облыстық климаттық аймақтар туралы, яғни, шөлді, тау бөктерінің шөл далалы, таулы және аласа таулы, таулы далалы  деп бөліп қарастырып, қай жерге не ексе, өнімі қандай болатындығы жайлы ғылыми-практикалық мағлұмат берді. Сондай-ақ, жерді тек қана сора беруге болмайтынын, қалпына келтіріп тұру қажеттігін баса айтып, оның жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, көкеніс, жеміс-жидек маманы, профессор Теміржан Айтбаев  Алматы облысының апорт алмасына қолайлылығын, бұл саланы дамытуға мол мүмкіндікті пайдалану қажеттігін айтты. Мәселен, өз елімізді жеміс-жидек, көкеніспен қамтамасыз ете алатын мүмкіндігіміз бола тұрып, жыл сайын шетелдерден жеміс-жидек, көкеніске 20 миллиардтан аса   ақша жұмсап, мол қаржыны желге ұшырғандай болып отырғанымызға өкініш білдірді. Сондай-ақ, кеңес кезінде шөміштен қысқандай болып, бізде жеміс-жидектің, көкеністің саусақпен санарлық қана түрін ғана өсіртсе, бүгінде 170 түрін өндіруге болатынын ғылыми дәлелдеуге тырысты. Ал балық шаруашылығы саласының маманы, профессор Шоқан Әшенұлы Қазақстанда балықтың түр-түрін өсіруге болатынын, мәселен, шетелдіктерге таңсық балық форельдің Түрген ауылында өсірілетінін, ауданда он шақты балық шаруашылығы барын айтып, бұл жағынан да мүмкіндіктің молдығын көпшілікке мойындатты.
ҚазҰАУ-дың Бас ғылыми хатшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Үкілай Керімқызы әр сала мамандарының сөздерін жүйелей келе, осы айтылғандардың барлығы есепке келіп тірелетінін, не жасасаң да есепсіз, яғни, экономикасыз қолға алған істің жылжып кетуінің қиындығын дәлдік мысалдармен келтірді. Алғашқы қадам бизнесжоспардан басталатыны, одан әрі қарай кететін шығын, жұмсалатаны қаржы, оның өтелу жолдары сынды экономикалық бағыттар жөнінде тұщымды ойларымен бөлісті. Бұл тұрғыда университетке келіп көмек сұраса, еш аянбайтынын айтты.   
Залға жиналған көпшілік ғалымдарға сұрақ қойып, нақты жауаптар алып, семинар жоғары деңгейде өтті. Жиын соңында  Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева әлемде бұрын кедейлік проблема болса, бүгінде ауызсу және азық-түлік қауіпсіздігі алдыңғы орынға шығып отырғанын, кең байтақ жері бар Қазақстанның миллиардтаған адамды асырауға мүмкіндігі барын, оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданының тәжірибесі молдығына тоқтала келе, біз «бизнес по казахский» деп, өзімізді-өзіміз мазаққа айналдырмай, «бизнес Еңбекшіказахский» деп басқа өңірлерге үлгі болуымыз керек деп, алдағы маусым айында бұл семинарды облыстық көлемде, одан әрі қарай республикалық деңгейде өткізуді ұсынып, Тілектес Исабайұлы айтқандай сөзден нақты іске көшейік деп   сөзін түйіндеді.
Сонымен семинар қорытындысы бойынша ҚазҰАУ ғалымдары, осы колледжге келіп ауылшаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына, студенттерге дәріс оқитын болып, колледж жастары университет дәрежесінде білім алу және қай жерге қандай маман керектігінен мониторинг жасау, ҚазҰАУ-дағы «Фермерлердің жоғарғы мектебі» арқылы бұл колледжді ситуациялық база ретінде пайдалану  көзделді. Міне, осындай мақсаттарды негіз тұтқан және басқа да талаптар бойынша меморандумға қол қойылып, нақты істер атқаруға келісілген семинар нәтижелі шараларды жоспарлаумен аяқталды.

 
Еділ АНЫҚБАЙ
«Agro-PR» инновациялық
орталығының жетекшісі
Фото: М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты