ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАҒДАР - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2631 Статистика

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

ҚазҰАЗУ факультеттері мен кафедраларында студенттер мен оқытушылар жиындар өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы әр сала бойынша қамтылған тақырыптарды ерекше талқылауда.

Жолдауда ең алдымен, ғылым-білім мен мәдениетті, мемлекеттік тілді дамыту, агроөндірістік бағытты қолдау, азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін мемлекет пен халық күш-жігерін біріктіруі қажет екендігі атап өтілді. Көңілге сенім ұялатқан құнды бағдарламада жаңа кезеңдегі Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік болашағы қандай болу керектігі кеңінен қамтылды.  
 
Әсіресе, ЖОО саласына, жас ғалымдарды қолдауға жете мән берілуі,  студенттер мен магистранттардың, докторанттар мен интерндердің стипендияларының өсуі туралы айтылған жолдар ҚазҰАЗУ білім алушыларын қуанышқа бөледі. Атап айтқанда, бакалаврлар стипендиясы соңғы екі жылда 2 есеге артып, 26 186 теңгеден 31 423 теңгеге дейін өсті. Егер бұрын магистранттар 66 913 теңге алса, енді олардың ай сайынғы стипендиясы 76 950 теңгені құрайды. Докторанттар стипендиясы 150 000 теңгеден 172 500 теңгеге дейін, интерндер – 47 431 теңгеден 59 289 теңгеге дейін өсті.
 

Жолдауға арналған маңызды іс-шараның бірінде «Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтарының тарихы» кафедрасының меңгерушісі Зәуре Ақтамбердиева білім беру саласына қатысты көтерілген мәселелермен студенттерді жете таныстыра отырып, білікті кадрлар даярлау тақырыбына тоқталды. Мысалы, шалғайдағы елді мекендерге білікті жас мамандарды жұмылдыру қажеттігі айтылды. Сондықтан, ЖОО-лардағы білім алушылардың қабілет-қарымын айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саласына ерекше көңіл бөлінуде.

«Білім беру сапасын жақсарту туралы ой қозғалғанда, болашақта ауыл шаруашылығын жақсы білікті мамандарсыз алға ілгерілетуді елестету мүмкін емес. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орны болып саналатын ҚазҰАЗУ қабырғасында жаңа технологиялар мен инновациялық орталықтарда тәрбиеленіп жатқан студенттер ел дамуының кепілі. Біз Жолдауда айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді саламыз», - деп атап өтті Зәуре Ақтамбердиева.
 

Айта кетейік, мұндай жүйелі түрде қолдау шаралары жалпы білім саласын ғана емес, еліміздің тұтас экономикалық дамуына да өзінің айтарлықтай үлесін қосары сөзсіз.

Оқу орнының оқытушылары мен студенттері Жолдаудағы басты бағыттары жайлы өз ойларын ортаға салып, пікір алмаса отырып, Қазақстан келешегінің кілті саналатын білім мен ғылымның өркендеуіне өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді.
     
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты